Маңғыстау облыстық стоматология орталығы еліміздегі кәсіпорындардың үздігі атанды. Орталық Ұлттық бизнес-рейтингінің қос алтынына ие болып, аймақ абыройын арттырды. Ресми есептеулерге негізделген статистикалық саралаудың қорытындысында орталық қос бірдей аталымды, атап айтқанда «Сала үздігі» және «Жалпы салық» аталымын жеңіп алды.
Үздік танылған орталықты салтанатты марапаттауы ағымдағы жылдың тамыз айында Алматы қаласында өтеді деп жоспарланған. Айта кеткен жөн, Ұлттық бизнес-орталығы кешенді халықаралық рейтингтік жоба болып табылады. Ұйым ТМД мемлекеттері мен Кедендік одақта кәсіпорын қызметінің тиімділігіне баға беруші коммерциялық емес, жалпымемлекеттік рейтинг ретінде кеңінен танымал.
- Бұл біздің алғашқы жеңісіміз емес, бұған дейін 2014 жылдың қорытындысы бойынша біздің орталық Ұлттық бизнес-рейтингінің күміс жүлдесін иеленіп, «Медицина мақтанышы» аталымымен марапатталған болатын. Бұл жолы біздің орталық 2015 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы кәсіпорындардың Ұлттық бизнес-рейтингісі бойынша 1-орын алып, қос алтынға ие болды. Яғни, «Сала үздігі» және «Жалпы салық» аталымын иеленіп отырмыз. Бұл біздің орталық үшін үлкен жетістік. Оның ішінде медицина саласындағы бюджет саласын жақсы меңгерген, біздің есепшілеріміз Гүлжұма Кубашева, Раушан Джанзақованың еңбектерін ерекше атап өткім келеді,-дейді Маңғыстау облыстық стоматология орталығының директоры Қуат Машырықов.
Сондай-ақ, облыс стамотологтары мамыр айының соңғы аптасында Алматы қаласында «Стоматологиядағы ЖИТС жұқпасы проблемалары. Стоматологиядағы инновациялар» тақырыбында өткен стоматолог дәрігерлердің халықаралық конгресіне және стоматологтардың бірыңғай қауымдастығының ІІ съезіне қатысып, біліктіліктерін арттырып қайтты.
Венера МИРЛАН