Тұрғындар электр қуаты тарифінің құнына наразы
Қаңтарда Басқұдық ауылының бір топ тұрғындарынан редакциямызға арыз кеп түсті. Басты мәселе – электр энергиясы тарифінің өзгеруі. Тұрғындар электр қуатын тасымалдаушы «Маңғыстауэнерго» мекемесі тасымал құнын тарифтен жоғары қылып отыр деп алаңдайды.
«Осыған байланысты облысымыздың IV билік бұқаралық ақпарат құралдары араласып тиісті тарифтік құнын анықтап беруіңізді және өтінішімізді «Маңғыстау» газетіне шығаруыңызды сұраймыз», - деп жазады 12 тұрғынның қолы қойылған хатта.
Сонымен хатта: «2017 жылы сәуір айында 1 квт/сағатқа 9,69 теңге орнына 12,58, мамыр айында 15,15, қыркүйек айынан қазірге уақытқа дейін 14,18 теңге орнына 18,48 теңге төлеп отырмыз» деген ескерту жазылады.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін «Маңғыстауэерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына бас сұқтық. Мекеме директоры Аманбай Үкібаев электр энергиясының тарифтік құны қалай есептелетіні жөнінде кең түсінік беруге тырысты.
- Рахат (бұрынғы Гранит), Алау, және сол маңдағы кварталдарда электр энергиясы үшін 18,48 теңге ақы төленіп отырғаны рас. Сіздерге арыз жазып отырған 12 тұрғын сол аймақтың азаматтары болуы тиіс. Тариф құны былай есептеледі: «МАЭК-Казатомпром» электр энергиясын 14,18 теңгемен өндіреді, «КМАЭС» ЖШС мекемесі 0,8 теңге, ал біздің мекемеміз «Маңғыстауэнерго» 1,52 теңге қосады. ҚҚС (НДС) қоспағанда 16,50, ал қосқанда 18,48 теңгені шығарып отыр. Біз әзірге делдал мекемелердің көмегіне жүгінуге мәжбүрміз, - дейді Аманбай Үкібаев.
«Маңғыстауэнерго» не дейді?
Сондай-ақ Аманбай Үкібаев Мұнайлыға қарасты Қызылтөбе, Бірлік, Ынтымақ, Жаңа Дәулет ауылдары 20,87 тарифімен электр қуатына ақы төлеп отырғанын ескертті. Өйткені бұл ауылдарда «МРЭК» АҚ делдал ретінде электр қуатын жеткізуде 2,93 теңге қосып отыр. Мекеме директоры көрсеткен деректерді қарасақ, Мұнайлының қалған ауылдарында тұрақты баға 17,58 теңгені құрап отыр екен.
- Арада делдал мекемелер электр қуатын тасымалдаумен айналысады. Олардың біз секілді арнайы бекіткен тариф құны бар. Тұрғындарға «МАЭК-Казатомпром» ЖШС қойған 14,18 тарифінің құнын төлететін болсақ, арадағы мекемелердің жұмысы қалай бағаланады? Біз шамамыз жеткенше Мұнайлы ауылдарының электр қуаты бағасын тұрақтандыру үшін жұмыстанып жатырмыз, - дейді А.Үкібаев.
Оның айтуынша, мекеменің құрылғанына 10 жылдан асқан.
- Алға қойған мақсатымыз – делдал мекемелердің қызметтерінен бас тарту. Өткен жылы өз қаражатымыздан Батырдан Қызылтөбеге желі тартып, қосалқы станция салдық, қазір бірінші кезеңін қосып үлгердік. «МРЭК» АҚ-нан бас тартып, өз қызметімізді пайдалануға жұмыстану үстіндеміз. Биылдан бастап Қызылтөбе-2 ауылы, Қызылтөбенің 7-8 көшесінен басқа қалған көшелердің электр құнын осылайша 20,87-ден 17,58-ге түсірдік. 2018 жылы толықтай Ынтымақ, Бірлік, Жаңа Дәулет, Қызылтөбеде қалған көшелерінің бағасын 18,48-ден 17,58-ге түсіреміз. Сізге шағымданған азаматтардың ауылы Рахат, Алау және сол маңдағы кварталдардың құнын түсіру ендігі жылдың еншісінде, - деп уәде берді А.Үкібаев.
Салыстырып қарасақ, Мұнайлы ауданының тарифтері Маңғыстаудың өзге аудандарына қарағанда анағұрлым төмен. Мұнайлының орташа тарифі 17,58 теңге болса, Бейнеу тұрғындары 20,26; Жаңаөзен 21,77; Ақтау 19,42; Өмірзақ 22,49 теңге төлеп отыр.
Бір қынжылтатыны, электр қуатының тариф құны маусым сайын көбейіп отырғандығы рас. Электр энергиясын өндіруші «МАЭК-Казатомпром» мекемесі 2016 жылы қаңтарда тариф құны 6,30 теңге болса, сол жылдың тамызында 9,30 теңге, 2017 жылғы мамырда 11,60 теңге, 2017 жылы қыркүйекте бірден 14,18 теңгеге жеткен. Сонымен 2 жыл ішінде 2 еседен көп өскен тариф құны алдағы уақытта әлі қалай шарықтары белгісіз. Ал «Маңғыстауэнерго» кәсіпорны қызметінің тарифі 2016 жылдың қаңтарында 1,05 теңге болса, қазір 1,58 теңгеге көтерілгенін естеріңізге саламыз.
Түйін.Мекеме директоры тұрғындардан мұндай арыз келіп түспегенін айтады. «Қызылтөбенің бір топ ақсақалдары келіп, тұрмыстық жағдайларын айтты, олардың тарифі бәрінен қымбат. Біз бірден сол ауылдың мәселесіне кірісіп кеттік. Мекемеміз Мұнайлы ауданы орталығында орналасқан, алыс емес. Тұрғындар жиналып кеп мән-жайды айтса, түсіндіруге әзірміз», - дейді А.Үкібаев.
Сонымен Басқұдық ауылы тұрғындары «Маңғыстауэнерго» мекемесі басшылығы айтқан түсіндірме-жауапқа қанағаттанады деп есептейміз.
Айгүл ДӘДЕН