Адамзат ақыл-ойы көк әлемге құлаш сермеп, космос кеңістігін игеріп, асқар биік, құзар шыңдарды бағындырды. Темірге тіл біткен техника дәуірінде таңдай қақтырар тың дүниелер легі толастаған емес. Қоғамның алуан саласындаадамзатқа ортақ игілік - өнер табыстар дүниеге келуде. Зәулім ғимараттар, көк күмбезіне қол созған биік нысандар, алпауыт кешендер, алып шаһарлар, әлем кереметіне теңескен сәулет туындылары бәрі дерлік жер жүзіне жаңа реңк қосып, бет-бедерін өзгешелендірді. Түн пердесін түріп тастап, үздіксіз жарық шамдармен жарақтанған мәңгі ояу миллионер шаһарлар көк жүзінен көз тастаған жандыға жайыбымен баурайды. Космос кеңістігінен камера нысанына іліккен бейнелерде бұл үрдіс айқын көрініс табады.
Ғылым жаңалығына бойласақ, жыл сайын жер жүзіндегі жасанды жарық көздері еселеп артып, өрмекші торындай жарық желілері жаһанды жайлап келеді екен. Әлем бойынша АҚШ пен Испания мемлекеті «мәңгі жарық» елдердің алдыңғы легінен орын алады. Соғыс өрті тұтанған Сирия мен Йемен ғана толыққанды қуат көзіне қол жеткізе алмай отыр. Дамыған елдерде белең алған бұл үрдістің өсімдік пен жануар әлеміне, сондай-ақ адам денсаулығына теріс әсері анықталған. Мәселен, Америка медицина ассоциациясы жүргізген зерттеулер нәтижесінде жоғары интенсивті жарық көздері, яғни бүгінгі таңда тұрмыс пен түрлі салада жиі қолданылатын Led-жарықтар ұйқы гормоны – мелатонин түзілісіне кері әсерін келтіретіндігі дәлелденді. Бұл өз кезегінде бүткіл ағзадағы маңызды зат алмасу үрдісі мен иммундық қорғаныс механизмін бұзып, ерте қартаю мен қатерлі дерттің дендеуіне сеп болады екен. Шектен тыс жарықтандыру, қуат көзін сарп ету экономиканың түрлі секторына өзіндік ықпал етеді. Эколог мамандардың мәліметіне сүйенсек, табиғи экожүйе құрылымына жасанды жарықтың залалы көп. Егістік, бау-бақша, орман алқаптарына жасанды жарық көздерін жиі орналастырмау қажет. Жасанды жарық сәулесі түн жәндіктері мен өсімдіктердің тозаңдануы мен ұрықтануы сынды табиғи үрдіске, өз кезегінде олардың өмір сүру ортасы мен дағдысына орасан зор зиянын келтіреді. Сондай-ақ, британдық ғалымдардың мағлұматы аясында алып шаһарларда самсаған шам жарығы тал-шыбықтардың бүр жарып, жапырақ жаю маусымы мен жыл құстарының түнгі бағыт-бағдарына да кері әсерететіндігі аныталан. Бүгінде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін халықтың басым бөлігінде көру қабілеті төмен. Көз жанарының нашарлануына жарық диодты шамдар да тікелей себепкер болады. «Түн ұйқысы» ұрланып, «мәңгі жарық» орта орнауы адам психикасы, мінез-құлқы мен тұрмыс дағдысына тигізер әсері ғалымдардың жан-жақты зерттеуін талап ететін мәселе екені анық. Адамзат ақыл-ойының жемісі – қуат көзі жер жүзінде озық өркениет пен инновацияға толы әлемнің орнауынан егіз болды. Дегенмен, адам баласы технология игілігі мен оның мүмкіндігін шектен тыс қолдану барысында зарары мен залалын бағамдап білер емес. Бүгінгі таңда кезкелген шаһарда тұнық аспан төрінде самсаған жұлдыздар шоғырын көру мүмкін емес. Өндіріс ошақтарынан будақтаған көк түтін мен химиялық және техногендік қалдықтардың озон қабатына әсері әлі күнге дейін түйіні тарқамаған түйіткілді жайт екені баршаға аян.
Қазақстан елі жарықтандыру бойынша әлем елдерінің арасында ортаңғы қатардан орын алады екен. Әрине, дамыған елдерде кең етек жайған жаппай жарықтандыру қауіпі бізге төніп тұрған жоқ. «Мәңгі ояу» шаһарлар ауылы бізге алыстау. Десекте, өркениет көш-керуенінде оқ бойы озық тұрған елдерге қарап, бой түзеп, ой түйіп келеміз. Жаңалық болса іліп алуға, тың дүниені тәжірибе жүзінде сынап көруге асықпыз. Бетке ұстар бас шаһарлар мен ірілі-ұсақты қалаларды түнгі жарықтандыру мәселесі біздің еліміз де де бас көтеріп келеді. Қала көркіне қатысты сыртқы көрнекілік, сәулет өнеріндегі жоғары эстетикалық талғам, сапалықұрылыс Елбасы назарына ілігіп, осы жайт төңірегін деме желі істер жіктеліп, айқын міндеттер жүктелген еді. Елбасы саясаты аясында жарық диодты технологиялардың қоршаған ортаға әсері ескеріліп, жарықтандырудың заласыз тәсілдері қолданысқа енгізіліп келеді. Балама қуат көздерін пайдалану арқылы табиғатқа еш зарарсыз инновациялы өнер табыстарды тұтыну барлық өңірлерде көзделген. Жоғарыда атап өткен Еуропада қолданысқа енген жарықтандыру экологиясы талаптарын қатаң сақтап, ел аумағын жасанды жарық желілерімен қамту таяу арада көзделген бас жоспардың бірі екендігі айқын.
Мәліметтерге сүйенсек, Маңғыстау өңіріндегі қуат көзімен жабдықтау желілері 9 637 шақырымды құрайды екен. Облыста қуат көзін үнемдеу оның энергетикалық тиімділігін арттыру мақсатында түрлі жобалар нәтижелі іске асып келеді. Мәселен, Ақтау ажары найшықтай түсуде түнгі жарықтандыру жобасының маңызы ерекше. Жуырда ғана өңір басшысы Ералы Лұқпанұлының тікелей бастамасымен қала аумағындағы 50 ғимаратты жарық диодты шамдармен жарақтандыру жобасы жасақталды. Түнгі шаһар көркін аша түсер безендіру жұмыстары жуық арада өз нәтижесін көрсетпек. Көп ұзамай алуан түстес жарық сәулесіне малынған қала келбеті ерекше көркімен баурарына сенім мол. Шаһар шырайын кіргізер бұл үрдіс барысында Елбасы нақтылаған қала қуатының мүмкіндіктері, жарықтандыру талаптары қатаң ескерілсе демекпіз.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ