©
Ашылмаған құпия көп тірлікте, Әрбір адам зерттелмеген бір нүкте. «Бекет!», «Бекет!» дейді әркім әр жерде, Бірақ біздер оны терең білдік пе?
Рахмет Аяпбергенов.
Бекет атаның ашылмаған құпиялары
(Әулиелерді жаяу аралап зерттеген жігіттің әңгімесі)
Мен бұл жігітпен 2010 жылдың күзінде Орта жүз Арғындағы Қырықмылтықтардың маңғыстаулық Адайдың Қырықмылтықтарын Астанаға арнайы шақырған кездесуінде таныстым. Бірден шүйіркелесіп кеттік. Менен екі жастай кішілігі бар. Сол ретте Сәрсенбайдың екі кезеңге бөліп Ақтөбеден бастап, Жарқамыс, Қарауылкелді, Ескі Бейнеу, Отпан тау арқылы Оғыландыдағы Бекет ата мешітіне дейін, жалпы 1440 шақырым жолды жаяу жүріп жеткенін жазып, жаңаөзендік оқырмандарға жергілікті баспасөз беті арқылы таныстырғанмын.
2013 жылдың қараша айында Астанаға тағы жолым түскенде, үйінде қонақта болдым. Таманың қызы Дәмет келін де көпті көрген қонақжай жан екен. Жастайынан мәдениеттен сусындағаны ибалылығынан көрініп-ақ тұр. Сәрсенбай екеуміз баяғы тақырыпқа қайта оралып, түн ауғанша әңгімелестік. Әрбір сөзін, ойлаған ойын, нақты болжамдарын үстел үстіндегі тігінділер мен файлдарға салынған қажетті қағаздардың арасынан іздеп тауып дәлелдеп айтып отыр. Әсіресе, Бекет атаның ескі Бейнеудегі жерасты мешіті мен Оғыландыдағы өзі жатқан жердегі тасқа қашалған белгілер мен бейнелер туралы өзі жасаған сызбалар арқылы дәлелдей түсті. Әліге дейін ашылмаған құпиялар туралы әңгімелер еріксіз баурап барады.
Сәрсенбай Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы «Қаражар» елдімекенінде 1960 жылы дүниеге келген. Әкесі Сәмет Ерқасымов Ұлы Отан соғысының ардагері, екінші топтағы мүгедек болған. Соған қарамастан, сол Байғанин ауданындағы «Ақжар» кеңшарында 40 жылдан астам мал дәрігері болып еңбек еткен жан. Өзі өте әңгімешіл кісі болған көрінеді. Сәрсенбайдың осындай ізқуар болып өсуіне әкесінің де ықпалы көп тисе керек.
- Ғылымның үш саласы бар. Олар – жалпы жаратылыстану ғылымы, гуманитарлық, ғылыми-техникалық. Мен осы үш саланың үшеуінен де білім алған екенмін. Бірінші, Алматының байланыс техникумын бітірдім. Екінші, жалпы ғылымдар бойынша Қарағандыда тарих ғылымын меңгердім. Үшінші, жаратылыстану ғылымы бойынша Алматыда халықаралық академия орталығында келісімшартпен жұмыс істедім. Міне, осы үш ғылымнан да азды-көпті осылай сусындадым. Ғылым, таным, түсінікті жинақтайтын жасқа жеттік. Ең алғаш «Ердің соңы – Есет, Пірдің соңы – Бекет!» дегендей Бекет атамыздың мешіттерін зерттеу, аса таяғы туралы құпияларды анықтау, жас үлкендерден дерек жинап насихаттауды өзімше қолға алдым. Негізгі мамандықтарымның бірі – тарихшы болғандықтан, Ақтөбе облысының тарихи мұраны қорғау инспекциясының жетекші маманы болып жұмыс істедім, - дей келе Сәрсенбай Ерқасымов өзінің Бекет ата туралы зерттеу жұмыстарын қалай бастады, қалай жүргізді және оны қандай болжам, қандай мақсат, сондай-ақ қандай деректерге сүйеніп жүргізгенін әңгімеледі.
Сәрсенбайдың әңгімесі
2000 жылдың күзінде Ұлысқа Ұран болған Пір Бекет атамыздың 250 жылдық алқалы асы болғаны баршаға белгілі. Соған байланысты сол кездегі Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Нұрлан Балғымбаевтың басшылығында ЮНЕСКО шеңберінде халықаралық деңгейде үгіт-насихат жұмыстары басталды. Қазақстан көлемінде насихат жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Мұндай істер Ақтөбе өңірінде де көрініс тапты. Яғни, экспедиция ұйымдастыру жоспарланды. Әйтсе де, жеме-жемге келгенде қаржы бөлінбей қалды. Дегенмен, мен алған бетімнен, алға қойған мақсатымнан қайтқым келмеді. Сөйтіп, жалғыз өзім сапарға шығып, әруақты ата рухы алдындағы перзенттік парызды өтеу үшін жаяу экспедиция ұйымдастыруым керек деген шешім қабылдадым. Осыған өзімді-өзім қайрап, бойыма барлық күш-қайратымды жиып, жігерімді жанып, «Ия, Бекет атам, жар болғайсың!» деп сыйынып, алғашқы жаяу экспедицияма шықтым. «Әулие аттаған оңбас» дегендей, жаяу сапарымды Ақтөбе қаласындағы орталық мешіттен бастадым. Сосын жаяулатып қаланың ішіндегі ескі мешітке бардым. Сөйтіп, жаяу сапар одан әрі жалғаса берді.
Тама Есет батыр Бекет атамыздың кәрі нағашысы болған деседі. Кәдімгі ердің соңы атанған – Есет. Осы Есет бабаға бағыттайын десем сол өңірде сол кездегі батырлардың пірі болған Жағалбайлы руынан шыққан Бекқұл әулие бар екен. Ол Хромтау тас жолының бойында жатыр. Сол тас жолға шығып Бекқұл әулиеге соғып, одан әрі Есет бабаға бардым. Сөйтіп бір тәуліктің ішінде 78 шақырым жолды жаяу жүріп өттім.
Есет бабадан шығып, одан әрі Байғанин ауданы, Жемнің бойындағы Жарқамысқа бардым. Жарқамыстан шығып, Бекет атаның әке-шешесі жатқан Құлсарыдағы Ақмешітке тарттым. Ақмешіттен шығып, атаның ескі Бейнеудегі мешітіне келдім. Ескі Бейнеудегі мешіттен шығып, жалпы 1440 шақырым қашықтықты артқа қалдырып, жаяулатып Оғыланды тауына жеттім. Мен осы жаяу сапарымды екі кезеңге бөліп қарастырдым. Себебі арасында аяқ астынан отбасылық жағдайым килігіп қалды. Сондықтан екінші кезеңде жаяу жүрісімді Құлсарыдан қайта бастауыма тура келді.
Жалпы мен бұл мақсатымды 1996 жылы қолға алғанмын. Бірақ ол кездері, сөздің шынын айту керек, елдімекендерді толық білмеуші едім. Ол елдің келешекке деген сенімінен күдігі басым кез болатын. Өйткені бұрыннан ғасырлар бойы қалыптасып қалған құлдық сананы бірден өзгерте салу оңай емес, әрі мүмкін емес еді. Дегенмен, алға ілгерілеушілік әп дегеннен сезілуі қуанышты нәрсе. Оның үстіне тәуелсіздіктің шарапатымен Ұлысқа Ұран болған Пір Бекет атамыздың атының айтыла бастауы ел сенімінің оянуына, орнығуына айтарлықтай ықпал етті деп ойлаймын. Сондықтан санамды жастай жаулаған арман-мақсатты жүзеге асыратын сәт туғанын айқын аңғардым, жан-жүрегіммен түсіндім. Сөйтіп тәуекелге бел байладым.
Жаяу жүрген сапарымды Бейнеу ауданының орталығынан бастап, түн қараңғысында жүріп отырып ескі Бейнеудегі ата мешітіне барғанмын. Содан әрі қарай жүрісті жалғастырдым. Алға қойған нақты мақсатқа жету үшін күндіз де, түнде де сапар шегіп, жол жүруге тура келді. Сондайда ешкімнен, ештеңеден ешқашан сескенбеппін. Қанша күн, қанша түн жаяу жүріп, ел кезіп, әулие араласам да, беймезгіл уақытта жол торыған тобырға, әлде түн күзеткен түз тағыларына кездесермін-ау деп тіпті де ойламаппын. Мүмкін атаның әруағы жар болған шығар, кім біледі.
- Сәрсенбай-ау, қазіргі кезде далада жүрген бота-тайлақты жеп жатқанын айтпағанның өзінде қасқыр дегендерің мектепке кіріп кетіп, сабақтағы балаларды талап жатыр. Ал сен қолыңда қару дейтіндей бір тал шыбығың да жоқ құла түзде жападан жалғыз қалай жүресің? Бұл болмайды ғой. Жолда жүргенде қауіп-қатерден қорғануға қажет болар. Мынау саған аса таяқ болсын. Қысылғанда қорғанатын қаруыңа айналсын, - деп ескі Бейнеудегі ата мешітінің шырақшысы Қалымбет Әбуұлы қолыма белдің сабындай таяқ берді.
Осы аса таяқ - қолымда. Ескі Бейнеуден шығып жүріп кеттім. №2, №3 темір жол бекеттерінен өтіп, Сайөтеске жақындағанда «Бала батыр» деген ескі қорған бар. Сол елдімекен тұрғындарының сілтеуі бойынша солай қарай бағыттадым. Әлгі қорғанға жақындай бергенімде (негізінде ол қорған емес «Құрмай төбесі» деп аталады) тәңірдің тал түсінде түз тағылары қаумалай бастады. Екі қасқырды анық көрдім. Құла түз, өзімнен басқа тірі пенде көзге түспейді. Бір қасқыр жүрелеп отыр, екіншісі жер бауырлап жатыр. Тірі пендеге көздері түскен соң, әлгі қасқырлар жатқан орындарынан тұрды. Ауыздарын ашып, тілімен екі езуін жалап, желке жүндерін күжірейтіп, азу тістерін ақситып, ырылдасып тұрып алды. Жаратқан иеме жалбарынып, Бекет атамның әруағына сыйынып, аяғымды жәйлап басып алға қарай жылжи бердім. Сөйттім де, қолымдағы аса таяқты жоғары көтеріп, сермеп қалдым. О, тоба! Құдайдың құдіретіне шек келтіруге болмайтынына тағы бір рет көзім жетті. Қолымдағы асаны сермеген сәтте әлгі екі қасқыр ұшты-күйлі көрінбей, көзден ғайып болды.
Содан төбенің басына шықтым. Бақара сүресінің бір аятында Алла тағаланың былай деп айтқаны есіме түсті: «Ей, пенделерім, сендер мені танығыларың келсе жаяулап, жалпылап жер кезіп кетіңдер. Сол кезде мен сендермен кездесемін. Құмырсқадан бастап пілге дейінгі жаратылыстың бәрін басқарып отыратын өзім. Маған сенсең болды», - деген аяты есіме түсіп, барлық зиянкестерден Жаратқан иемнің өзі қорғайтынына көзім жетті. Бірақ бір өкініштісі, өзіме айбат шегіп тұрған қасқырларды дәл сол сәтте суретке түсіріп алуға мүмкіндігім болмады. Мүмкін, пендешілікпен сескенген шығармын, үрейленген шығармын. Әйтсе де, соңынан фотоаппаратыммен іздерін суретке түсіріп алдым.
Бекет ата мешітінің айырмашылығы неде?
Батыста да, шығыста да кез келген дін өкілдеріне көкпен таласқан храмдар, шіркеулер, мешіттер, күмбезді кесенелер болмауы мүмкін емес. Яғни, жер бетінде ондай алып ғимараттар көп. Бірақ Бекет атамыздың мешіттері оларға қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар.
Біріншіден, Бекет ата мешіттері - жерасты ғимараттары. Екіншіден, қазақтың ертедегі киіз және ағаш үйлеріндей етіп тастан қашап салынғандығы. Оны келешек ұрпақ игілігіне пайдалансын деп мәңгілік мұра етіп қалдырған.
1996 жылы Бекет атаның Оғыландыдағы мешіті қабырғаларындағы белгілердің сызбаларын зерттеуші есебінде қойын дәптеріме түсіріп алғанмын. Қайсы бөлмесінде қандай тесік, қандай сызба, қандай сурет, қандай белгілер бар екенін қағазға ерінбей түсіргенмін.
Ал 1999 жылы келгенімде Ата мешітінің іші-сыртына түгел жөндеу, қайта өңдеу жұмыстары жүргізіліпті. Соған байланысты қабырғалардағы бұрынғы белгі, сызықтар мен суреттердің жұрнағы да қалмапты. Ата мешітінің обсерватория ретінде қойылған төбесіндегі тесікке дейін майлап, сырлатып тастапты. Бір жағы пендешілік, бір жағы зерттеушілік, сол жерде жүрген Людмила Дубровская деген әйелмен ренжісуге тура келді. Себебі ата мешітіндегі әрбір белгі, әрбір нүкте, әрбір сан - мынау жарық дүниенің, адамзат өмірінің құпиясының кілті. Сондықтан Дубровская ханым көзі жеткеннен кейін өңдеу, жөндеу жұмыстарын еріксіз тоқтатуға мәжбүр болды. Шынында да, әруақты аталарымыздың мешіттері мен күмбезді кесенелеріне арнайы мамандардың кеңестеріне құлақ аспай, солармен келісіп алмай, кез келген кісі келіп оңды-солды жөндеу, бояу, сырлау жұмыстарын жүргізе беруге болмайды. Өйткені бүгінгі таңдағы адамзат ғұмырына және келер ұрпақтың игілігіне аса қажетті құпиялардың сыры ашылмай қалуы ықтимал.
Осы күнге дейін Бекет атаның осындай көптеген құпиялары нақты әрі толық ашылмай келеді. Мүмкін ол құпияларды ашу, адамзаттың игілігіне пайдалану келешек ұрпақтың еншісіне бұйырған шығар.
Осы Оғыландыдағы мешітте оң жаққа бұрылғасын төрт жақта шағын бөлме бар. Сол бөлмеде екі құлақша орналасқан. Екі құлақшада екі сызық тұр, сызба жұмыстар. Оған былайғы жұрт аса мән бермей, қабырғаның жарылған әлде сызылған жері шығар деп ойлауы ғажап емес. Жалпы ертедегі естіміші көп ескі көз, кәрі құлақ қариялардың бала күнімізде құлағымызда қалған әңгімелеріне қарағанда Бекет ата сонау жаугершілік замандарда мешітінің есігін тас бекітіп алатын көрінеді. Сонда ата жаулардың көзінен таса болатын болған. Мешітке кіргенімен таба алмайтын болған. Тұп-тұтас қабырғадан есіктің бар-жоғы, яғни бедері білінбейді.
Жалпы мешітке көтерілетін баспалдақтың астында, әлгі төмендегі бұлаққа дейін үңгірлер болған деседі. Бірақ сол үңгірлер уақыттың өтуімен, табиғаттың тосын мінезінің салдарынан жоғарыдан құлаған тастармен көміліп қалған секілді. Соның әсерінен жоғарыда айтқанымыздай тас есіктер белгісіз болып қалып отыр. Мешіттің ішінде бір дәлел бар. Ертеде Нұрмұхан деген кіндік әкем ата мешітіндегі тас есік, тас қақпалар туралы үнемі айтып отыратын. Ол кезде маған бұл айтылған қиял ғажайып ертегідей көрінетін. Ертегідей көрінбей қайтеді, қабырғадағы тас есік, тас қақпа өзінен-өзі ашылып-жабылып, бір орыннан екінші орынға жылжып тұрғаны көз алдыңа елестесе. Сол тас есік, тас қақпалар арқылы ашылап-жабылады екен. Мысалы, бір таяқшаға Ясин сүресі, екіншісіне Фатиха сүресі, басқа да таяқшаларға тағы басқа сүрелер жазылып қойылған деседі. Тек сол таяқшаларды қабырғалардағы сызық әлде белгілерге жаңылыспай тигізсе болғаны, әлгі тас есік ашылып-жабылатын болған. Біз жақында, яғни ХХ ғасырдың аяғында жапондар ойлап тапты деп жүрген «пульт» деген жұдырықтай дүниені біздің Бекет атамыз бұдан екі жарым ғасыр бұрын ойлап тауып, қолданғанын қазір екінің бірі біле бермейді.
Оғыландыдағы мешіттің төменгі тұсында Бекет атаның азан шақыратын мінбері орналасқан. Сол мінбердің баспалдағының жоғарғы жағында Жүрек тас бар. Өзі дәл қолмен қойғандай. Жалпы қазақта «құйма құлақ болса құйып алады, ақпа құлақ болса ағып кетеді» деген сөз бар. Сол айтылғандай, Бекет атамыз адамзат өміріне қажеттің бәрін, келешек ұрпағының игілігіне жарайтынның бәрін тасқа қашап жазып кеткен секілді. Бірақ ата нұсқаған нақты жолды табуға, сөздің шынын айтуымыз керек, яғни мойындауымыз қажет, бүгінгі таңда біздің сауатымыз да, санамыз да, имандығылымыз да, құдіретіміз де жетіп жатқан жоқ.
Иә, сол жүректі бейнелеп қойса да, жасап орнатып қойса да құпиясы қазірше бізге беймәлім. Алла тағаланың құдіретімен бір кездері ол жүректің сыры да ашылып, ел игілігіне, ұрпақ қажеттілігіне жарайтын шығар деп үміт етеміз.
Ата асасының құпиясы қандай?
Негізінде Бекет атада қасиетті Көк асадан басқа бірнеше аса таяқ болғаны белгілі. Бекет ата өзі оқытқан озат шәкірттеріне аса таяқ тарту етіп, батасын беріп отырған. Сол аса таяқтың бірі - Әлім Шектібай деген шәкіртіне бұйырған. Бұл күндері Ақтөбе аймағындағы «Жирен қопа» деген жерде оның Тұрсынғали Нәкешов деген ұрпағының бірі тұрады. Шектібайға бұйырған аса қазір сол үйде сақтаулы. Бекет атаның алқалы асының қарсаңында насихаттау үшін Ақтөбеден арнайы шыққан экспедиция құрамындағы 11-13 адаммен сол асаны көріп зерттеу үшін «Жирек қопаға» бардық. Әлгі аса таяқта ешбір не арабша, немесе Орхон-Енисей әлде түрікше бірде-бір жазу жоқ. Тек ғана сызықшалар мен нүктелер және қазақша ою-өрнектермен өрнектелген.
Мен Оғыландыдағы мешіттің қабырғасынан Аса таяқтың сызбасын көрдім. Бұл қасиетті Көк асаның кескіндемесі болса керек. Осы аса таяқтағы жазулардың, сызықшалардың, сандардың сырына үңіліп, құпиясы ашылар болса, мынау ғаламдағы адамзат өміріне қажетті аса маңызды дүниелер анықталар еді. Мысалы, арабша бір харіптің он түрлі сыры бар. Сол сияқты мешіт қабырғасындағы аса таяқ жобасындағы тік, көлбеу көріністерге назар аударып қарасақ, көп нәрсеге көз жеткіземіз. Мәселен, бал ашатын құмалақшылардың 41 құмалағы 3Х3 болып, тоғыз ұяшыққа орналасады. Шығыста Конфулция деген ұғым бар. Ол да ғылымның бір түрі. Онда 8Х8 санымен матрица делінеді. Бұдан көзді ашып-жұмғанша 64 миллион сөз шығады екен. Ал Бекет атаның аса таяғына мән беріп үңілсек, 25Х25, яғни 625 ұяшық бар. Сонда біз отырсақ та, тұрсақ та «Ия, Бекет!» деп айтамыз. Аса таяқтағы сандардың астарындағы бізге белгісіз сырлардың бір құпиясы осы ғой деп топшылаймын. Бұл Бекет атамызға Алла тағала сыйға тартқан ерекше дарын, айырықша қасиет деп ойлаймын.
Міне, құрметті оқырман, Сәрсенбай Ерқасымов ініміздің Бекет ата туралы зерттеулерінің бастамасынан хабардар етіп отырмыз. Оның қолында осы айтқандары бойынша ғылыми түрде дәлелденген сызбалары бар. Жалпы қолға алған жұмыстарының арасында «Бекет атаның бұлақтары», «Бекет атаның арқарлары» сияқты басқа да құпияларын ашуға деген талпыныстары жеткілікті. «Аға, келешекте осы ғылыми дәлелдерімді арнайы жинақ етіп шығаруға ниеттеніп жүрмін» дегесін кісінің қоржынына қолды сүңгіте беруді, өзімізше ыңғайсыз санадық. Сондықтан Сәрсенбай інімізге «Ниетің қабыл болсын! Алға қойған мақсатыңа жеткейсің! Арманың орындалсын! Бекет атам жар болсын!» демекпін.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН