©
Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінде өткен «Нұр капитал» жобасының тұсаукесерінде белгілі болды. Жиында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында орта және шағын бизнесті қолдауға әрі дамытатын жобаның тұсауы кесіліп, үшжақты меморандумға қол қойылды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай бағдарлама елімізде тұңғыш рет іске асырылып отыр.
- Бағдарламаның негізгі талаптарының бірі - тек жаңа тұрақты жұмыс орындарын құратын инвестициялық мақсаттағы жобаларды қаржыландырылатын болады. Ең маңыздысы қаражат «Өзенмұнайгаздан» «Даму» қорына тікелей аударылады. Сол себепті несие бойынша пайыздық мөлшерлеме «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында субсидияланатын болады. Егер соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі – 11 пайыз болса, оның 10 пайызы субсидияланатын болса, ал қалған 1 пайызын ғана кәсіпкер төлейді. Сонымен қатар, егер қарыз алушының кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, оған «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдемесі берілетін болады, - деді «Даму» қорының МОФ директоры Берік Нұрғалиев.
Өз ісін бастағысы келетін жаңаөзендіктерді қолдауға арналған «Нұр капитал» жобасы «Даму» қорының және «Өзенмұнайгаз» АҚ жер қойнауын пайдалану келісімшарты аясында жергілікті атқарушы органға беретін қаражаты есебінен қаржыландырылады. Қаржыландыру көлемі: бағдарлама бойынша жалпы сомасы – 1 млрд. 50 млн. тенге, оның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қаржысы - 350 млн. теңге, «Даму» қорының қаржысы - 700 млн. теңге.
- Орта және шағын бизнеспен айналысамын деген әрбір азаматқа толықтай мүмкіндік жасалып отыр. Үш жақтың қатысуы арқылы жүзеге асатын бағдарламаны бастауға әзірміз. «Өзенмұнайгаздан» алынатын ақшаның 350 млн. теңгесін «Даму» қорына қайтарымды негіздегі несие ретінде беріледі. Өз кезегінде «Даму» қоры екі еседен көп қаражат бөледі. Нәтижесінде барлығы 1 млд. 50 млн. тенгені жергілікті кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға жұмсаймыз. Қысқасы, бұл жерде ешқандай жергілікті бюджеттің қаражаты жұмсалмайды, – деді облыс басшысы Ералы Тоғжанов.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы жолдауында, ел экономикасына басты серпін беріп, қозғау салар саланың бірі – шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан мұндай жобаны іске асыру Жаңаөзен сияқты моноқаладан басталып отыр.
Жиында аймақ басшысы Жаңаөзен қаласы моноқала болғандықтан, өндіріс және қызмет көрсету салаларында жаңа нысандарды ашуды қаржыландыру арқылы қала экономикасын әртараптандыру қажеттігін баса айтты. Облыстағы көптеген тарихи-мәдени, туристік орындарға («Кендірлі» демалыс аймағы, табиғи көрікті жерлер, діни ғибадат орындары) баратын жоллдар Жаңаөзен арқылы өтеді. Сондықтан сервисті жетілдіру және жаңа қызмет көрсету нысандарын құру қажет.
К. ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген С. МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40972,40975,40976"]