Бүгін Холидей Инн қонақ үйінде "Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтарының инвестициялық әлеуетінің презентациясы" атты роуд-шоу өтті.
Арнайы экономикалық аймақ - экономикалық дамудың қозғаушы күші, инфрақұрылымды дамытудың маңызды факторы. Қазақстанда Ақтау, Атырау, Шымкент, Алматы, Тараз, Павлодар қалаларының арнайы экономикалық аймақтары (АЭА) және тағы да басқа жерлер бар. АЭА-дағы басқарушы компаниялардың басшылары шараға қатысушы қонақтарды АЭА-тың ерекше жағдайымен таныстырып, сәтті іске асырылған жобаларды ұсынды.
Халықаралық форумға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, "Kazakh Invest" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Біржан Канешев, Әзірбайжан, Түркия, Иран, Литва елдерінің консулдары қатысты.
- Маңғыстау облысы - өндірісімен қатар, сан саласы жедел даму үстіндегі бірден-бір аймақ. Қазақстанның экономикасын нығайтуға облысымыздың қосқан үлесі де зор, қол жеткізген табыстары да, жетістіктері де аз емес. Қазыналы өңірдің келешек үшін бергенінен әлі берері мол. Осы форум Қазақстанның жаңа инвестициялық мүмкіндіктерін сіздермен бірлесе саралауға жол ашады деп сенемін", - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Біржан Канешовтың айтуынша, Ақтауға осы форум үшін 12 елден инвесторлар келген. Бұл Қазақстан елінің табиғи ресурстарын жоғары бағалаудың көрінісі.
- Біз экономикалық дамудың ең негізгі бағыттарын таңдап отырмыз. Әсіресе, нарықтағы IT мүмкіндіктеріне баса көңіл бөлеміз. Қазақстанның экономикалық әлеуетін дамыту мақсатында бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, - дейді Б.Канешов.
Түркия, Сауд Арабиясы, Малайзия, АҚШ, Венгрия сияқты мемлекеттен келген өкілдер Қазақстанмен экономикалық байланыс орнатып, инвестицияда кешенді жоспары бар екенін жеткізді.
Айгүл ДӘДЕН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="38291,38293,38295,38297"]