«Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы Ақтау қалалық азаматтық кеңесінің ұйымдастыруымен Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округінің №9 жалпы білім беру орта мектебінде кездесу өтті. Биылғы мектеп бітіруші түлектер «Зияткер ұрпақ» жобасы аясында «Қаражанбасмұнай» АҚ геолог маманы, «Жас мамандар» кеңесінің төрағасы, облыстық «Жас мұнайшы-2015» номинациясының иегері Думан Ахметовпен дидарласты.
- Жобаның мақсаты еліміздің ауылдық жерлеріндегі өскелең ұрпаққа тұлғалық және кәсіби тұрғыдан өзін дамыту, кәсіби бағдарын анықтау, жеке қабілетінің ашылуына және дамуына ықпал ететін алаң құру. Жоғарғы сынып оқушыларының азаматтық белсенділігін, оқуда, кейін қызметте жетістікке жету үшін ынтасын арттыру, ертеңгі күнге деген сенімін нығайту. Біз ұсынған облыстағы әр салада белгілі бір жетістікке қол жеткізген жастардың арасынан Астана қаласындағы «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының өкілдері Думан Ахметовты таңдаған болатын. Сондықтан да біздің азаматтық кеңестің қолға алуымен бүгін мектеп бітіруші түлектерге арнап кездесу өтуде. Кездесу барысында Ақтау азаматтық кеңесінің мүшесі, «Қаражанбасмұнай» АҚ геолог маманы, «Жас мамандар» кеңесінің төрағасы, облыстық «Жас тұлпар» байқауының «Жас мұнайшы-2015» номинациясының иегері Думан Ахметов жетістікке жетудің жолдары турасында әңгімелейтін болады. Кездесу соңында оқушылардың пікірін білу үшін арнайы сауалнама жүргізетін боламыз, - дейді Ақтау қалалық азаматтық кеңесінің үйлестірушісі, кеңес мүшесі Гүлмира Бурхандинова.
Шара шеңберінде Думан Ахметов биік белестерді бағындырудың қыр-сырымен бөлісіп, тіл үйреніп, техника дамыған заманда шет елдерде білім алудың жолдарын айтты. Облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында білім алып, мектеп қабырғасында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, пәндік олимпиадалардың жүлдегері атанған Думан қатарластарының алда бола білген. Мектепті үздік аяқтап, Алматы қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы КазҰТУ-ға құжат тапсырған. Оқып жүріп шет елде білімін жалғастыруды, тіл меңгеруді мақсат етіп қойып, бос уақытында ағылшын тілін үйренген. Кейін ата-анасының ақ батасын алып, достарымен бірге Малайзияға оқуға барып, білім алған. Осындай жетістіктерге жетудің жолын, жаңа жобаның арқасында жас көшбасшы өз жерлестеріне әңгімелеп берді.
- Адам әр күнін жоспарлай білуі керек. Айқын мақсат, нақты жоспарың болғанда ғана үлкен жетістікке қол жеткізе аласың. Мен үнемі ізденісте жүретін адаммын. Алматыда оқып жүргенде 3-курста достарыммен бірге тіл үйрену үшін Америкаға баруға шешім қабылдадық. Ата-анама ойымды айтып, қарызға 3 мың доллар ақша сұрап алдым. Америкаға барып, жұмыс жасадым, жұмыстан босай қалсам, ізденіп, білім алуға көп күш жұмсадым. Достарым дүкен аралап болмаса қыдырып жүргенде менің қолымнан кітабым түспейтін. Ата-анама қарызымды қайтаруды, елге біліммен оралуды мақсат етіп қойдым. Елге олжалы болып, 16 мың АҚШ долларымен оралып, ата-анама қарызымды қайтардым. Қалған ақшаны Малайзияға барып білім алуға жұмсадым. Менімен бірге барған достарым таң қалып, «Сен мұндай қаржыны жұмсамай, қалай жинап жүрсің» деген еді. Сондықтан да Сіздерге сабырлы болуға, сағың сынған кездерде де мақсаттарыңыздан бас тартпауға, ұстамды болуға кеңес беремін. Барлығы да Сіздер ойлағандай оңай болмайды, әр істе қиыншылық болады, бағыттарың айқын, мақсаттарың анық болғанда ғана үлкен жетістікке қол жеткізе аласыздар... Шет елдерде бос жүрген адамды көрмейсің, жастар үнемі ізденіп, оқып, жаңалық ашуға құмар. Соның нәтижесінде ол мемлекеттер де сағат санап, қарыштап дамып келеді. Біз де елімізді дамыған мемлекеттердің қатарына қосу үшін уақытымызды үнемді пайдаланып, елге пайда келтіретін істермен айналысып, білім алуға ұмтылайық, - деген Думан Ахметов кездесуін оқушылардың сұрақ-жауабымен аяқтады.
Тағылымды басқосудан оқушылар да жақсы әсер алыпты. Білім ұясынан қанат қаққалы отырған түлектер шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, қызықты кездесу үшін алғыстарын айтты.
- Бүгінгі кездесу маған қатты ұнады. Думан ағамыз әлемді тануға, шет елдерде білім алуға, мақсат қоя біліп, алға қарай ұмтылуға қатысты жақсы ойларын айтып, бізді біраз жігерлендірді. Мен де Думан ағамдай елге пайдалы іспен айналысып, уақытымды тиімді пайдаланып, білім алуға жұмсап, бірнеше тілді меңгеруге ұмтылатын боламын, - дейді 11-сынып оқушысы Әдемі Болатқызы.
Кездесу соңында №9 жалпы білім беру орта мектебінің директоры Гүлжан Асамадинова оқушыларға рухани күш беріп, азаматтық белсенділігін артыруға үлес қосқаны үшін ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. 2013 жылы ірге тасы қаланған мектептің қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бүгінгі таңда аталмыш білім ордасында 2800 оқушы білім алады, оның 71-ін биылғы мектеп бітіруші түлектер құрайды. Жалпы мектепте 203 ұстаз еңбек етеді.
Венера МИРЛАН