Елбасы өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» атты жолдауында : «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» және «үштілділік» саясатын қайта қарау қажет деген пікірлерге орай «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деген болатын. Ана тілдің нәрлі уызына қанып, оны құрметтеумен қатар, қазіргі заманда көп тіл білудің қажеттігін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені, бүгінгі таңда байқап отырсақ, қазақ тілімен қоса, орыс және ағылшын тілдерін білген адам шексіз мүмкіншіліктерге ие болады. Көп тілді меңгеру адамның мінезіне де, карьерасына да, өміріне де оң әсер етеді екен. Сондай-ақ, бірнеше тілді білу жаңаша ойлауға, ой-өрістің кеңеюіне де өз септігін тигізетін көрінеді. Бүгінде бірнеше тілді меңгерген және жетістікке жетіп отырған жастардың қатары көбеюде. Солардың бірі - Қызылсай ауылының тумасы Нығмет Ибраев. Мемлекеттік тілден басқа орыс және ағылшын тілін еркін меңгерген жас инженер шет тілін «Қашаған» жобасы негізінде үйренгенін айтады. Әлем бойынша алдыңғы қатарлы мұнай компанияларымен тәжірибе алмасу және маманның біліктілігін арттыру мақсатында жүзеге асырылған жоба аясында 2013 жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның сол кездегі басшысы Ләззат Қиыновтың тапсырмасымен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ының үздік 5 жас мұнайшысы іріктеліп алынып, бір жарым жыл Алматы қаласында ағылшын тілін оқиды. Осы уақыт ішінде жүзден аса тест тапсырып, әбден сүзгіден өткен олар ағылшын елшілігінен қорытынды алып, шетелдік компанияларға сұхбат арқылы жұмысқа орналасады. Қазіргі таңда Нығмет америкалық ең ірі жеке меншік ExxonMobil мұнай компаниясы Техас штаты Хьюстон қаласында кен орындардағы скважиналарды бұрғылау, күрделі жөндеу және жер асты жөндеу бөлімінде инженер болып жұмыс жасайды. Оның айтуынша ірі мұнай корпорациясындағы жұмыс тәртібі мүлдем бөлек, жер қазба байлығын игеруде қолданатын технологиясы дамыған. Жоғарғы сапалы техникалармен жұмыс жасау ол тек адам өмірін ғана қорғап қоймай, сондай-ақ қоршаған ортаның да ластануынан сақтайды дейді. Бір жарым жылдан бері шет елде қызмет етіп жатырған ол Ангола, Малазия, Нигерия елдерінде де болып, тәжірибе жинауда. Нығмет Ибраев 1983 жылы Жаңаөзен қаласына қарасты қарашаңырақ Қызылсай ауылында дүниеге келген. Ол мұнай-газ саласы бойынша Жаңаөзен қаласының Кәсіптік техникалық мектепте мұнай және газ өндіру операторы, О.Тұрмағанбетұлы атындағы Мұнай және газ колледжінде техник-технолог мамандығын үздік дипломмен бітірген. Білімін одан әрі жалғастырып, 2004 жылы Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-де тау-кен инженері мамандығын аяқтайды. Сол жылы-ақ «Өзенмұнайгаз» АҚ-ына жұмысқа тұрып, алдымен мұнай және газ өндіру операторы болады. Жұмысқа деген ынтасы арқасында еңбек баспалдағымен ақырындап көтеріліп, топтық қондырғы шебері, техник-технолог, жер асты жөндеу қызмет бөлімінің аға-инженері қызметтерін атқарған. Бүгінде әлемнің ірі мұнай компанияларының басын біріктіріп отырған жоба негізінде жұмыс жасап жатырған Нығмет азғана уақыттан жинақтаған бай тәжірибесі және білімімен елге оралады.
Жазира Бақсыйыққызы