«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында құрылған «Денсаулық» сараптама комиссиясы 26 шағынаудандағы облыстық ауруханада қоғамдық қабылдау өткізіп, жүргізіліп жатқан жөндеу, қайта құру жұмыстарымен танысты. Шара кезінде ауруханаға 1989 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмегендігі айтылып, көптеген жаңғырту жұмыстарының қолға алынғандығы аталып өтті.
Алдымен облыстық мәслихат депутаттарын аурухананың қабылдау бөлімінде және екінші, үшінші қабатта жүргізіліп жатқан қайта құру жұмыстарымен Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Нұрлан Мұқанов және оның техникалық сұрақтар жөніндегі орынбасары Қайырхан Қаражанов таныстырды.
-Жөндеу жұмыстарын құрылыспен айналысатын бірнеше ЖШС жүргізеді. Солардың бірі «Аманат» ЖШС жергілікті бюджеттен бөлінген 508 миллион теңгеге «Б» блогының жөндеу жұмыстарын 2018 жылдың наурыз айына дейін бітіреді. «Замана –Ақтау» ЖШС 299 миллион теңге «А» блогының жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың желтоқсан айында аяқтайтын болды,-деген Н. Мұқанов ЖСҚ жасақтау кезінде есепке алынбаған кейбір жұмыстарға қосымша қаражат бөлу мәселесін облыстық мәслихат депутаттарының қаперіне берді.
Мұнан кейін халық қалаулылары, «Денсаулық» сараптама комиссиясының мүшелері Атқощы Кетебаев, Мереке Дүйсенбаев Сағыныш Төралиев, Аббат Өрісбаев облыстық аурухананың фойесінде денсаулық сақтау мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады.
-Біздің басты мақсатымыз-денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге атсалысу, тұрғындардың шағымын тыңдап, олар көтерген мәселелерді қолымыздан келгенше шешуге жұмыстану. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында «Денсаулық» сараптама комиссиясының тұрақты отырысы өткізіліп тұрады. Ол жерде денсаулық сақтау басқармасы басшыларының есептері тыңдалып, шешілмей жатқан мәселелері болса, айтылады. Біз шешу жолдарын қарастырамыз. Ал, тұрғындарды денсаулық саласындағы мәселелер бойынша қабылдау әр тоқсан сайын ұйымдастырылып отырады. Жақында Маңғыстау, Түпқараған аудандарында да осындай жұмыстар жасалды,-дейді «Денсаулық» сараптама комиссиясының төрағасы Атқощы Кетебаев.
Аурухананың қабылдау бөлімінде өткен шарада тұрғындардың өтініші тыңдалды. Олардың тарапынан аурухана жұмысына шағым жасалған жоқ. Тек дәрігерге қаралу тәртібі туралы кеңестер сұралып, кардиология бөлімінде медбикелердің санын көбейту керектігі жөнінде ұсыныстар айтылды.
Венера МИРЛАН