Басқа облыстармен салыстырғанда маңғыстаулық мекемелер тарихи ескерткіштерді қорғауға жете мән бәреді. Бұл туралы жақында «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мекемесінің директоры Нұрлан Құлбаев мәлімдеді.
- 10 жылдан бері жеке меншік мекемелер тарихи мұраларымызды қоршап, бағыттаушы тақтайшалар орнатуға бірауыздан келісімін беріп келеді, ірі мекемелер мұндай жұмысты аз уақыт ішінде бітіреді. Бұл Маңғыстау кәсіпкерлері мәдени ескерткіштерге жанашырлықпен қарайды деген сөз, жыл сайын қаражат бөліп, қажетті жөндеу жұмыстарды да қолға алды. Қызметкерлер сол аймақтарға тұрақты сенбілік өткізіп келеді. Маңғыстаудың тарихи ескерткіштеріне жасалып жатқан қолдау өзге облыстарда жоқтың қасы, - деді ол.
2006 ж. 30 маусымда «Тарихи және мәдени ескерткіштеріне қоғамдық қамқоршылықты бекіту туралы» шығарылған болатын. Нұрлан Құлбаевтың айтуынша, кейде мекемелер уәдесін орындай алмай жатады. Бұған себеп, қаржы тапшылығы. Дегенмен, директор олардың көпшілігіне кінә таға алмайтынын, нақты нәтиже сұрай алмайтынын айтады.
Сондай-ақ, бүгін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Сқақов Мақсаттың қатысуымен қоғамдық қамқоршы мекемелердің есебі кезінде тізімде жоқ тарихи ескерткіштерді есепке алу мәселесі қаралды. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бастамасына сәйкес тарихи орындар зерттеліп, Бейнеу ауданындағы «Қыз әулие» сияқты киелі орындар есепке алынуы мүмкін.
- Тарихи орындарға шетелдік туристерді қызықтыра білу керек. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, ерікті жастар мен жанашыр туристердің арқасында тарихи мекендер әлемге танылып отыр, - деген пікірін білдірді Мақсат Нұрлыбекұлы.
Айгүл ДӘДЕН