Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 28 жастағы қала тұрғыны жұқпалы-токсикалық шоктан дүние салды. Бұл туралы «Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы» МКҚК басшысы Қайрат Диналиев хабарлады.
24 шілде күніт сағатт 11:30 шамасында жедел жәрдем бригадасымен науқас ауруханаға жеткізілді.
-Бізге әкелген кезде науқастың жағдайы өте ауыр болды. Бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Жансақтау бөліміндегі ем-домға қарамастан, 26 шілде сағат түнгі 2 шамасында ол жұқпалы-токсикалық шоктан және жүрек қызметінің жедел жетіспеушілігінен қайтыс болды, - дейді Қайрат Диналиев.
Ауруханаға әкелінген сәтте келіншек достарымен бірге теңіз жағасына қыдыруға барғанын айтқан. Сонда өздерімен бірге дүкеннен сатып алған қияр, қызанақ, қақталған балық, бәліштерді тұтынған. Дүйсенбі күні таңғы 5-те іші ауырып, құсып, бас айналып, әлсірей бастайды. Арада алты сағат өткен соң туыстары жедел жәрдем шақырады.
Қайрат Диналиевтің айтуынша, мұндай диагноз 10-15 жылда бір кездеседі екен.
Қайтыс болған тұрғынның қолданған азық-түлік өнімдері тексеруге жіберілді.