Өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы «Астана Банкі» АҚ бірқатар өкілдерімен кездесіп, жаңа жобалар жай-күйін талқылады. Бүгінгі таңда банктің қаржылай қолдауымен өңір аумағында маңызды жобалар жүзеге аспақ. Мәселен, Ақтау әрі Жаңаөзен қаласында арнайы спорттық алаңқайлар салынады.
«Қаржылық институт өз қызметін 2008 жылы бастады. Ал 2014 жылы атауы «Астана Банкі» деп алмастырылды. Жуық арада банк IPO сәтті өткізді. Банк қаржылық қызметімен қоса қайырымдылық іс-шараларды жиі жүзеге асырады. Әлеуметтік хал-ахуалды арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Алматы қаласында ворк-аут стилінде спорттық алаң салынды. Әрбір деталь, құрылым арнайы ойластырылып, нысан құрылысы жан-жақты ой елегінен өткізіледі. Ақтау мен Жаңаөзенде салынатын спорттық алаң аумағы жергілікті әкімдік бөлген жер бөлігіне байланысты болмақ»,-дейді «Астана Банкі» АҚ вице-президенті Қанат Сыбанов.
Облыс әкімі бұл бастамаға қолдау танытып, жастардың спортқа деген махаббатын оятуда оң ықпал ететіндігін ескерді.
«Ақбота» саябағы аумағында скейтбордшыларға арналған алаңқай ашылды. Жастар «Мәңгілік алау» монументінде скейтборд тебеді. Біз Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер рухын әркез ұлықтауымыз қажет. Мен сол жастармен кездесіп, тағылымды әңгіме өрбіттім. Жастар арнайы скейт-алаңқайлардың қажеттілігіне баса назар аударды»,-дейді Ералы Лұқпанұлы.
Голрох Жеменей
Cуретті түсірген Серік Майемеров