Қала әкімдігінің ғимаратында Жаңаөзен қалалық қоғамдық кеңесінің мәжілісі өтті.
Жиынға қала әкімі Е.Әбілов, қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Ходжабеков, қалалық мәслихат хатшысы С.Мыңбай және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: қала әкімінің 2017 жылдың I жартыжылдығының есебі және Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2016 жылғы 21 желтоқсандағы №8/96 «2017-2019 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.
Қала басшысы Елубай Әбілов қоғамдық кеңес алдында қаланың 2017 жылдың жартыжылдығы бойынша атқарылған әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы атқарылар жұмыстардың барысы жайында есеп берді. Есепке кеңінен тоқталып өтейік: Жаңаөзен қаласы бойынша атқарылған шаралардың барлығы «Жаңаөзен қаласын әлеуметтік- экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары», «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын», Елбасының Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы тапсырмалар аясында халықтың әлеуеттік жағдайын арттыруға бағытталды. Ағымдағы жылдың 6 айының есебі бойынша барлығы 29388 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қала халқының саны 142 мың адамға жетіп отыр. Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 69,3 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,5 млрд. теңге. Қала бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 8109, оның ішінде заңды тұлғалар - 1328, жеке кәсіпкерлер - 6760, ауылшаруашылығы - 21. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 20894 адам. Жыл басынан бері 2537 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл сайын қалада бала туу көрсеткіші жоғары екендігі белгілі. Тұрғындар саны ұлғайған сайын өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білім алуына қаладағы шағынаудандарында орта мектептер таршылық етуде. Елубай Жақайұлының айтуынша, биылғы жылы 3 мектептің құрылысын салу жоспарлануда, «Арай», «Рауан», «Жұлдыз» шағынаудандарында әрқайсысы 900 орындық мектептердің құрылысына 4,3 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі таңда Рахат ауылындағы №15 орта мектепке күрделі жөндеу және қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «Арай» шағынауданында 320 орындық балабақша құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. 2016/2017 оқу жылындағы ҰБТ-ның жаңа форматы енгізіліп, мұнайлы қаланың 933 түлегі сынақтан өтті. 35 оқушы «Алтын белгі», 36 оқушы «Үздік» аттестат иегері атанды. ҰБТ бойынша қорытынды орта ұпай - 75,6%. Денсаулық саласында да бірқатар жұмыстар атқарылды. 6 айда 2084 бала дүниеге келді. Есепті кезеңде 1 жасқа дейінгі 12 сәби өлімі, бір ана өлімі тіркелді. Теңге ауылындағы бастапқы медициналық көмек көрсету ғимаратына күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге 51,5 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады. Қаланың ескі перзентхана ғимараты бүгінде балалар ауруханасы болып өзгертіліп, аталған ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстары басталды, қазан айында аяқталады. «ӨМГ» АҚ-ның әлеуметтік тапсырыс қаражаты есебінен 7 жедел жәрдем көлігін сатып алуға - 27,9 млн. теңге бөлініп, жеңімпаз тасымалдаушы анықталуда. Мәдениет және спорт саласында да қалада бірнеше жұмыстар атқарылып, өнерпаздар мен спортшылар бірқатар байқаулар мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Бүгінде қаладағы орталық алаң атауы өзгертіліп, қаланың орталық саябағы деген атауға ие болады. Өйткені, жаз мезгілі басталысымен саябақта бірнеше талдар, гүлдер отырғызылып, фонтан іске қосылып, орындықтар қойылып, жол жиектерінде күрделі жөндеу жүргізіліп, демалыс орталығына айналды. Алдағы уақытта тағы да бір фонтан іске қосылмақшы.
Елубай Әбілов абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жыл бойы үздіксіз жалғаса беретінін айтты. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қала бойынша құқық бұзушылықтың негізгі көрсеткіштері төмендеген. 6 айда 336 қылмыс ашылды, жалпы қылмыстың ашылу деңгейі 62,0% пайызды құрады.
- Елбасының алға қойған тапсырмаларын іске асырып, қаламыздың экономикалық және әлеуметтік дамуын арттыру бағытындағы кешенді шараларды атқару үшін жұмыстана береміз, - деп аяқтады Е.Жақайұлы. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері қала әкімінің қызметіне оң баға берді.
Гүлсім МҰРЫНОВА