Облыстық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев облысқа шет елдерден инвесторлар тарту, аудандардың әлеуетін көтеру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.
Әлемдік нарықтағы дағдарыс салдарынан 2015-2016 жылдары шетелдік инвесторлардың нақты жобаларды жүзеге асыруға деген ынтасы төмендегені байқалады. Дегенмен, шетелдік инвесторлармен өткізілген шаралар нәтижесі жеміссіз емес. 2017 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Маңғыстау облысының әкімдігі 1 шет елдерге бару сапарын, 31 шет елдер азаматтарын қабылдау шараларын ұйымдастырды. Соның ішінде наурыз айынан бері қарай облыс әкімінің қатысуымен 27 кездесу өткізілді. Кездесулер Түркия, Иран, Англия, Италия, Франция, Израиль, БАӘ, Голандия, Қытай, Чехия, Белгия, Литва, Вьетнам елдерінің өкілдерімен өткізіліп, атап айтқанда 13 шет елді қамтып отыр. Осы кездесулер негізінде 10 жоба бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Олар—Golden Project Capital, SANY Group, Source Energy, Paghera, South Wind Power, Inner Mongolia Berun Holding т.б. компаниялардың жобалары.
Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынатын инвестиция көрсеткіші 190,0 миллирд теңге болды. Бұл 2016 жылғы қаңтар-мамыр айларымен салыстырғандағы нақты көлем индексі 120,2% деген сөз (151,9 млрд. теңге). Осы орайда Маңғыстау облысы республика бойынша үшінші орында.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көрсеткішін қалалар мен аудандарға бөліп, нақтырақ айтқанда, 2017 жылдың бес айы бойынша Ақтау қаласы 14,3%, Жаңаөзен қаласы 7,0%, Қарақия ауданы 52,4%, Түпқараған ауданы 8,6%, Маңғыстау ауданы 7,5%, Бейнеу ауданы 6,0% және Мұнайлы ауданы 4,2% болып отыр.
Сондай-ақ жан басына шаққанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексі 117,3% жетті. Бұл көрсеткіш бойынша біздің өңіріміз екінші орынға шықты.
Инвестицияларды тарту шаралары аясында өңірге келген ірі инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында Кәсіпкерлікті қолдау картасы жасақталып, Картаға осы жобалар енгізіліп отырады. Кәсіпкерлікті қолдау картасы 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасын Индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлікті қолдау Картасына 24 жоба енгізілді. Жобалардың жалпы құны 500,1 миллиард теңгені құрап отыр. Жоспарланған жұмыс орындар саны—3 263. 24 жобаның ішінде 8 жоба шет елдік инвесторлардың үлесімен жүзеге асырылуда.
2015 жылы аталмыш Карта аясында 5 жоба толық іске қосылды. Инвестициялық құны 7,9 миллиард теңгені құрап, 347 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Өткен жылы 4 жоба толық іске қосылып, 2 жоба бойынша 1-кезеңдері іске қосылған болатын. Жалпы 6 жоба бойынша инвестиция құны 109,4 миллиард теңге және 426 жаңа жұмыс орындары құрылды.
Үстіміздегі жылы жоспарланған 8 жобаның бесеуі толық, үшеуінің 1-кезеңдері іске қосылады. Жобалардың жалпы құны 57,4 миллиард теңге. Осы жобалар аясында 494 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Жақында «Ақтау трансформатор зауыты» ЖШС-ның Электрсауыт жабдықтарын өндіру және қуаты 6-10-35 кВт класты қуатты трансформаторларды жөндеу зауыты іске қосылмақ.
Алдағы жылы 3 жобаны толық іске қосып, 125 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр. Инвестиция құны 19,6 миллиард теңге.
2019 жылы «Техногран Актобе» ЖШС-ң «Жездібассай кен орнында іріктемелі экстракция мен электролиз әдісі арқылы катодтық мыс өндіру» жобасы толығымен іске қосылғанда 120 жаңа жұмыс орындары ашылып, оның құны 5,4 миллиард теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізу үшін жалпы 12 жоба бойынша ұсыныс келіп түскен. Соның ішінде 8 жоба Картаға енгізу ережесіне сәйкес болмағандықтан қайтарылды, 5 жоба Үйлестіру Кеңесіне ұсынылды. Бұл жобалар— «Маңғыстау құс» ЖШС-ң құс фабрикасы, ешкі фермасының құрылысы, «Эко Техпрогресс» ЖШС-ң мұнай қалдықтарын өңдеу зауытының құрылысы, «Металл балқыту, құю зауытының» құрылысы және «Кемикалз Трейд» ЖШС-ң «Солтүстік-Ауыртас кен орнында барит-целистин кенін өндіру және өңдеу» жобасы.
Өңіріміздің өндіріс базасын жедел жетілдіруге және оның өндірістік мүмкіндіктерін арттыруға көмектесіп, жаңа өндірістік кәсіпорындар ашумен қатар өндірісті ұйымдастыру тәжірибесін де ала келетін инвестицияны дамыту бағытында атқарылған жұмыстар жайында әңгімелеген Нұрбек Қарасаев журналистер сауалдарына жауап берді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА