©
«Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Ақтау қалалық үйлерінде әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесімен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі балалар арасында қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге тоқыма, бейнелеу өнерлерімен айналысатын, ұлутастан, ермексаздан естелік сыйлықтар жасайтын 12 талантты бала қатысты. -Мүгедек балалар екі бөлімшеге бөлінген. Оларға 28 әлеуметтік қызметкер, бір әлеуметтік сұрақтар жөнінде кеңесші қызмет көрсетеді. Орталықтың қызметін пайдалану үшін балалар облыстық психологиялық, медициналық-педагогикалық консультациядан дәрігерлік тексеруден өтіп, тұжырым әкелуі керек. Бұл ұзақ уақытты қажет ететін болғандықтан, балаларды біздің орталыққа қабылдауды көп кутуіне тура келеді,-деді мүгедек балалар бөлімшесінің меңгерушісі Дәметкен Сейтова. Балалар туындыларын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі тақырыбына арнап, «Бәйтерек» естелік сыйлықтарын жасаған. -Бейнелеу сабағын жақсы көретіндіктен, сабақтан тыс уақытта қолөнер үйірмесіне қатыстым. Өз қолымнан жасалған бұйымдарымды бүгінгі көрмеге алып келдім. Көбінесе қыз балаларға арналған жүзік, әр түрлі әшекейлер жасаймын. Болашақта дизайнер болғым келеді,-дейді 6-сынып оқушысы Қарлығаш Нақ.Венера МИРЛАН