©
Мұнайлы ауданында шартты түрде сотталғандарды бақылауға алып, әлеуметтік-құқықтық, психологиялық көмек көрсетіп, кәсіби білім беруге, жұмыспен қамтуға септесетін пробация қызметі жұмыс істейді. Шартты түрде бас бостандығынан айырылған жандар мемлекеттің қамқорлығына алынса да, сынақ мерзімі аяқталмайынша, пробация қызметінің жіті назарында. Бүгінде Мұнайлы аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде 216 адам тіркелген. Сынау және байқауды мақсат еткен пробация қызметі сотталушының сот міндеттеген шарттарды толық орындалуын қадағалайды. Сондай-ақ қажетті білім меңгеруіне, тегін медициналық тексерістен өтуіне, жұмысқа орналасуына мүмкіндік сыйлап, қоғамда бейімделуіне септеседі. -Шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету пробация қызметіне кіреді. Ал, олар пробация қызметіне айына 2-рет, тұрғылықты мекен-жайы бойынша учаскелік пунктіне айына 1-рет барып тұруы міндетті. Бұл профилактикалық іс-шаралар өте маңызды. Егер, шартты түрде сотталушы өз міндетін орындамай, пробация қызметіне уақытында келмесе, оның себептері сұралады. Сырқаттанып қалса, дәрігерден анықтама, басқа себеп болса, түсініктеме әкеленуі тиіс. Бұндай жағдай орын алса, сотталушыға ескерту жарияланады, тағы қайталанса, құжаттары сотқа жіберіледі,-дейді Мұнайлы аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы Оралбек Исатаев. Пробация қызметінің бақылауына ілінген азаматтарға біраз шектеу қойылған. Оларға кафе, ойын-сауық орталықтарына баруға тыйым салынған. Түнгі сағат 22:00-ден таңғы сағат 6:00-ға дейін үйінен шығуға болмайды. -Қазіргі таңда Қызылтөбе селолық округінде пробация қызметі бойынша тіркелген 23 адам – біздің бақылауда тұр. Олардың жағдайымен танысып, білу үшін айына екі рет тұрып жатқан үйіне барып, сөйлесіп тұрамыз. Отбасы мүшелерімен, достарымен сұхбат құрамыз. Бұның бәрі – профилактикалық іс-шаралар. Сондай-ақ біз шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында әкімшілікпен жұмыс істеп жатырмыз,-деді Қызылтөбе селолық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы Алмас Сәлімбаев.Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор