Өткен жұмада Астанада халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. «Болашақ энергиясы» деген атауға ие болған «ЭКСПО-2017» көрмесі тұрақты энергия көздерін дамытуға, оны үнемдеу мен тиімділігін арттыруға бағытталған бағдарламалар мен технологияларды зерттеуге бейімделген. Дүниежүзілік көрмеге 115 ел мен 22 халықаралық ұйымдар қатысуға ниет білдіріп, баламалы энергетика мен «жасыл» технологиядағы жетістіктерін алып келген. Жалпы көлемі 25 гектар жерді алып жатқан көрме аумағында ірі елдердің павильонынан бөлек, тақырыптық залдар және көрменің басты нысаны болып табылатын «Нұр Әлем» кешені орналасқан. «Болашақ энергиясы» музейі ретінде ұсынылған алып ғимаратта негізгі энергия түрлері көрсетілген және «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясы ұсынылған. Сондай-ақ, кешеннің 5000 шаршы метрлік алаңында Қазақстанның Ұлттық павильоны орналасқан. Оның бірінші бөлігінде келушілер Қазақстанның тарихы және мәдениетімен, осы күнгі тынысы және болашаққа құрған жоспарымен таныса алады. Ал «Жасампаз қуат» аймағында көрме тақырыбы аясында отандық ғалымдардың үздік жобалары, Мемлекет басшысының энергетика және қоршаған ортаны қорғауға қатысты бастамалары қойылған. «Үздік тәжірибелер аймағы» атты арнайы павильонда тұрақты энергия көздері саласындағы технологиялар мен жобалар көрініс тапқан. «ЭКСПО – ғылыми жаңалық қана емес, ол барлық елдер мен өркениеттерді жалғайтын «алтын көпір». Қазақстан көрмені жоғары деңгейде өткізу үшін жан-жақты дайындалды. Алдыңғы қатарлы технологиялық инфрақұрылым, дербес энергиялық жүйесі бар ЭКСПО қалашығы салынды. Жүзден астам сәулетті ғимарат бой көтерді. Астананың әлеуметтік саласы да даму жолында тың серпінге ие болды. Қалада жаңа әуежай, жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Әлемдік деңгейдегі қонақүйлер, мәдени ойын-сауық кешендері салынып, ашылды. Осының бәрі ЭКСПО-дан кейінгі елдің ортақ игілігіне қызмет ететін болады», - деді Н.Ә.Назарбаев көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Ел болып көптен күткен көрмені тамашалауға мұнайлы қала халқының алғашқы легі аттанды. Нақтырақ айтар болсақ, 9 маусым күні 99 жаңаөзендік, оның ішінде 94 оқушы, 3 жетекші мұғалім, 2 медбике, 10 маусымда 4 балабақша меңгерушісі және №2 қалалық емхананың 2 дәрігері, 13 маусым күні (қалалық білім бөлімінің берген ақпараты бойынша) 92 оқушы, 3 жетекші, 2 медбике жол тартқан. Ал, қала құраушы компания «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қызметкерлері «ЭКСПО-2017» көрмесіне 19 маусымнан бастап жіберіледі. Жалпы, «ӨМГ» АҚ-ы бірінші кезеңде көрмені тамашалау ішін 725 жұмысшысына мүмкіндік жасаған. Оның ішінде, алғашқы лекпен 19 маусым күні 145 мұнайшы аттанбақ. «Жаңаөзен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, Жаңаөзеннен көрмеге қатысуға бірінші кезең 9 маусым мен 9 шілде аралығында 1255 адам барады деп жоспарланып отыр. Гүлсін Тәжібаева, жеке кәсіпкер, Жаңаөзен қаласы ІӘК-нің мүшесі: Астанаға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған Іскер әйелдер кеңесінің III конгресіне келген болатынмын. Бағдарлама аясында ұйымдастырушылар біздерді ЭКСПО қалашығына алып келді. Қатысушылар қарасы қалың. Көрме аумағы өте үлкен, бір күнде аралап, барлығын көріп шығу мүмкін емес. Барынша танысып, бірнеше елдің павильонына кірдім. Қазір қас-қағым сәтте әлемнің төрт бұрышын аралап шыққандай сезімдемін. «Болашақ энергиясы» деп аты айтып тұрғандай көрмеде басты акцент жаңа технологияларға, күн, жел, су энергиясына берілген екен. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтар да ұмыт қалдырылмаған. Барлық елдің павильоны керемет деп айта алмаймын. Дайындықтары аз болып, көрмеге атүсті қараған мемлекеттер де бар. Әзірге өзінің лазерлік шоуымен есімде қалғаны Германия мемлекеті. Өзіміздің Қазақстанның павильонына кіргенде, әйгілі голливудтық фантастикалық фильмдерге түсіп кеткендей күй кештім. Жағалай орнатылған экрандар, қарапайым жан бірден түсіне қоймайтын жаңа технологиялық туындылар, павильондағы атмосфера маған ерекше әсер берді. Кеудемді өз еліме, ұлтыма деген шексіз мақтаныш сезімі кернеді. Мүмкін ЭКСПО көрмесінде алғаш болуым себепті шығар, алған әсерім керемет. Дәл осындай ауқымды шараның біздің елімізде өтіп жатқаны үлкен қуаныш. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген жақсы» дегендей, барлық қазақстандықтарды ЭКСПО-ға шақырамын. Шараның үстіміздегі жылдың 10 қыркүйегіне дейін жалғасатынын ескерсек, Елбасының сөзімен айтқанда тарихта алтын әріптермен қалатын оқиғаның куәсі болуға әрқайсымыздың мүмкіндігіміз бар.
Айжан Насырова