Балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру ата-ана үшін маңызды. Олардың бос уақытын тиімді өткізуде лагерлердің маңызы зор. Ақтауда 300 бала теңіз жағалауындағы мемлекеттік сауықтыру орнында демалады. Бұлар да әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардан шыққан балалар. Сондай-ақ, ата-анасының жолдамасы бойынша демалатын оқушылар да бар. Оған қос өңірдегі мектептер жанынан 73 лагерь жұмыс жасайды. Ал 134 мектепте жаз кезінде үйірмелер, спорт залдары қызметін жалғастырады. Жазғы сауықтыру орталықтарының барлығының санитарлық жағдайы құзырлы мекемелер тарапынан толықтай тексерілген. Балалардың қауіпсіздігі де қатаң қадағаланатын болады. «Тұлпар» лагерінен басқа барлық лагерлерде 2 ауысыммен жұмыс жасайды. Бір ауысымда 90 бала демалатын болады. Ал №10 мектеп жанындағы жазғы «Тұлпар» демалыс лагері 4 ауысыммен жұмыс жасайды. Бір ауысымда 210 бала демалады деп жоспарлануда. Солардың ішінде 165 бала аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балалар. «Тұлпар» лагеріне балалар таңғы сағат 08:00 мен кешкі сағат 17:00 аралығында демалады. Ал, ата-аналары кешке дейін жұмыс жасайтындар үшін кезекші топ сағат 19:00-ге дейін жұмыс жасайды. Кешке қарай балалар үшін аула клубынан түрлі үйірмелер ашылатын болады. Сонымен қатар, қала сыртында 5 жазғы сауықтыру орындары бар. Бұл жеке меншік « Алау», «Фламинго», «Толқын», «Ивушка», «Ақкөгершін» лагерлері. Ал, «Балдаурен» лагері балаларды 2 ауысыммен қабылдайды. 1 ауысымның өзінде 90 бала бар. Жалпы лагерь 6-12 жас аралығында балғындарды қамтиды. 15 күн бойы таңғы сағат 08.00-ден кешкі 18.00-ге дейін балаларды тартысты ойындар, танымдық шаралар, тамаша бағдарламалар күтіп тұр. 5 тәлімгер, медбике және жүзу инструкторы демалушылардың бір сәтінде босқа жібермей, қызықты өтуін қадағалайды. Лагерде 90 балаға арналған жатын бөлмелер, ойын орындары, асхана, мәжіліс залы бар. Жеткіншектер аптасына 1 рет музейге барып, тарих тағылымын алса, аптаның демалыс күндері кино әлеміне сапар шегеді. Сонымен қатар, қазақ-түрік лицейінде балаларға ағылшын тілін үйрететін лагерь жұмыс жасап жатыр. Бесінші және алтыншы сынып оқушылары тілді екі апта бойы үйрене алады. Бұл жаңа бастама облыстық білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Балаларға тек дәстүрлі сабақтар үйретіліп қана қоймай, «Катев» халықаралық қорының дайындаған әдісімен ағылшын тілін меңгеретін болады. Осы жылы Ақтауда 26 мың балақай лагерде демалып, денсаулықтарын түземек. Алдағы уақытта демалушы балалардың саны арта түспек. Егер жазғы демалыс кезінде жаздық сауықтыру шараларына балалар қамтылмай қалған отбасылар болса, жергілікті білім беру бөлімдеріне немесе облыстық білім басқармасына хабарласуларына болады. Толық мәліметті осы жерден ала аласыз:
Жансая ОРАЗБАЙ
Дереккөз: Lada.kz