Біріккен Ұлттар Ұйымы 10 маусымда ЭКСПО-2017 «Болашақ Энергиясы» Халықаралық павильонында БҰҰ алаңын ашады. БҰҰ алаңының ашылу салтанаты Халықаралық павильонның Involvement Zone аумағында өтеді. ЭКСПО көрмесіне БҰҰ-ның тоғыз агенттігі, атап айтқанда БҰҰ ДБ (Даму бағдарламасы), ЮНЕП (Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі БҰҰ бағдарламасы), БҰҰ ЭСКАТО (Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы), ЮНЕСКО (Білім, ғылым мен мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі), БЖКБ (БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы), ЮНИДО (Өнеркәсіптік даму жөніндегі БҰҰ), ЮНИСЕФ (- БҰҰ Балалар қоры), МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) және БҰҰ Әйелдер агенттіктері (- БҰҰ-ның Әйелдердің гендерлік теңдігі және олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы) қатысады. БҰҰ-ның таза әрі қолжетімді энергияны бүкіл әлем бойынша ілгері жылжыту саласында 70 жылдан астам тәжірибесі бар. Көрмеде БҰҰ-ның аймақты тұрақты энергиямен қамтамасыз ету жұмысының нәтижесін көрсететін қондырғыларды көруге болады. 2016 жылдың қараша айында БҰҰ-ның Бас хатшысы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі БҰҰ Бас комиссары қызметіне Джихан Султаноглуды тағайындады. Осы қызметте Султаноглу ханым көрмеге қатысатын БҰҰ-ның тоғыз агенттігінің барлығына өкілдік ететін болады. БҰҰ көрме барысында өз тарапынан ұйымдастыратын және ЭКСПО-2017 аясында белсенді түрде қатысатын бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Қолөнершілер жәрмеңкесі. Қазақстан қолөнершілері одағымен бірлесіп ұйымдастырылған жәрмеңке қолөнершілердің шығармашылық қабілеттерін ынталандыруға, олардың экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға және ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған. Джихан Султаноглу ханым жәрмеңкенің ашылу салтанатына қатысады. (8 маусым, 11:30, «Керуен» ОСО, 3-қабат). Министрлік Конференция және Энергетика жөніндегі Сегізінші Халықаралық Форум аясындағы «Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету» атты Тұрақты дамыту бағытында өткізілетін пресс-конференция. Конференция энергетикалық қауіпсіздікке, сауда мен инфрақұрылымға, энергетика-климат-азық-түлік қауіпсіздігінің өзара байланысына, сондай-ақ аймақтық тұрғыда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға арналады (2017 жылдың 11 маусымы, 18:15-18:45, ЭКСПО-2017 Конгресс-орталығы, толығырақ ақпараттар кейінірек хабарланатын болады). Арнасай кентіндегі Жасыл Технологиялар Орталығына бару. ЭКСПО-2017 көрмесінің БҰҰ Бас комиссары осы орталыққа барып, фито-жарық диодты жылыжай, пиролиз қазандары, су үнемдеуіш және басқа да технологиялар сияқты заманауи «жасыл» технологияларымен танысатын болады. Экскурсия жасау кезінде тілшілер Джихан Султаноглу ханымға сұрақтар қоя алады (12 маусым 2017 ж., 11:00-ден 16:00-ге дейін, 14:45-те БАҚ өкілдерімен кездесу өтеді, Арнасай кентіндегі Жасыл Технологиялар Орталығы). ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы БҰҰ күні. Бұл күні Біріккен Ұлттар Ұйымы танымал қазақстандық актерлердің қатысуымен мәдени-көпшілік іс-шаралар, сондай-ақ ЭКСПО аясындағы, тұрақты энергетика саласында атқарылып жатқан жұмыстарды жұртшылыққа хабарлауға арналған арнайы сессиялар өткізеді. (2017 жылдың 13 маусымы, 10:00-ден 18:00-ге дейін, Ұлттық күн сахнасы және Халықаралық павильон). Астана Экономикалық форумы аясында «Болашақтың «ақылды» әрі тұрақты қалалары» атты Арнайы сессия ұйымдастырылады. Осы сессияда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қалалық ортаның кепілдендірілген экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылығын қалыптастыру жолдарын қарастыруға басты назар аударылады. (2017 жылдың 15 маусымы, 15:00-ден 19:00-ге дейін, Тәуелсіздік сарайы, Салтанат Залы).
Дереккөз: inform.kz