Басы ауырып, балтыры сыздаған еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін денсаулық сақтау саласының қызметінің жүгінетініміз рас. Ақ желеңді абзал жандар талай жылдардан бері мыңдаған жанның өмірін ұзартуға септігін тигізуде. Ажалдан арашалаушы медицина мамандарын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген.
Бүгін, 12 мамыр, медбикелер өздерінің күнделікті тәжірибиесінде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, медбикелік күтімді жетілдіру және денсаулық сақтау жүйесінде шығындарды төмендету бағыты бойынша айтарлықтай қызмет атқарып жатыр. Медбикелер – медицина саласындағы негізгі буын, әрі дәрігердің оң қолы десе де болады. Дәрігердің қызметі медбикенің біліміне, өз ісіне деген ынта-жігеріне, шыдамдылығына, біліктілігіне байланысты. Олар қай кезде де жеке басының мәселесіне қарағанда науқастардың денсаулығын алдыңғы кезекке қояды. Ойланып қарасақ, күллі байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Ақ халатты абзал жандардың еңбектері қандай марапатқа болса да лайық. Мерекеге орай қаламыздағы бірнеше денсаулық сақтау ұйымдарында жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан медбикелердің әріпстестеріне деген құттықтауды жолдағанды жөн көрдік.
Адал еңбек, абыройлы қызмет
Орынхан Нұрмұханова Жаңаөзен қалалық медицина училищесіне 1992 жылы оқуға түсіп, оны 1995 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Жаңаөзен қалалық балалар емханасында бастаған ол учаскелік медбике қызметінде 1997-1999 жылдар аралығында атқарған. 1999-2007 жылдар аралығында №5 Отбасылық-дәрігерлік амбулаториясында, ал 2007 жылдан бері Жаңаөзен ауданаралық туберкулез ауруханасында медициналық статист қызметін атқарып келеді. Бірінші санатты медбике 2012 жылы қала әкімінің «Алғыс хатымен», 2015 жылы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысы Р.Бектубаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған.
- Біздің жұмысымыздың негізгі мазмұны – туберкулездің алдын алу. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғындарды жас ерекшеліктеріне байланысты профилактикалық тексерістен өткіземіз. Сондай-ақ, тұрғындарды жылына бір рет флюорографиялық тексерістен өткізу де біздің міндетімізге жатады. Бойынан ауру табылған науқастарды диспансерлік есепке аламыз. Қазақта «Тәні саудың – жаны сау» деген аталы сөз бар. Сондықтан бүгінгі таңда аурудың алдын алу біз үшін өте өзекті болып табылады. Науқастар медицинасы дені сау адамдар медицинасына айналу керек. Келешек ұрпақтың жарқын болашағының кепілі болып табылатын денсаулық сақтау саласын жетілдіру – біздің негізгі парызымыз. Біз халықтың бізге деген сенімі артатындай, қажетті кәсіби көмек алатынына күмәнданбайтындай, халыққа қалтқысыз қызмет етуіміз керек. Медбикелердің адал еңбектері бен абыройлы қызметтеріне тұрғындарымыздың бәрі де куәгер. Медбикелердің арқасында мыңдаған адамдар ауруханалар мен емханалардан жазылып шығып, еңбекке қосылуда. Қоғамымыздың ең басты байлығы – адам денсаулығын сақтауда үлкен рөл атқарып келесіздер, - деп тілек білдірген статист, әріптестеріне мықты денсаулық, отбасыларына береке тіледі.Денсаулықтан асқан байлық жоқ
Ботагөз Истелеева И.Ганди атындағы Ашхабад медицина училищесін 1994 жылы үздік бағамен аяқтап, Н.Пирогов атындағы Республикалық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөліміне қызметке жолданады. Онда 8 жыл қызмет атқарып, 2002 жылы тарихи отанына оралған ол бірден Жаңаөзен қалалық балалар емханасының күндізгі стационар бөліміне медбике болып орналасады. Еңбегі еленіп, қызметі бағаланған Ботагөз апа 2007 жылы педиатрия бөлімінің аға медбикесі қызметіне тағайындалады. Қазіргі таңда №2 Жаңаөзен қалалықемханасында жемісті қызмет атқарып отырған ол 2014 жылы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Алғыс хатымен», 2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында, «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға және Жарғылық талаптарды орындауға белсене ат салысқаны үшін «Алғыс хатпен» марапатталған.
- Әрбір медицина саласының қызметкері денсаулықтан асқан байлық жоқ екенін түсінеді. Дәл осы баға жетпес құндылықты сақтауға негізделетін жауапкершілік біздерге жүктелген. Бізді алдымызда үлкен жоспарлар, межелі мақсаттар күтіп тұр. Көптеген міндеттерді атқарып, тұрғындарымызға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру мәселесі сияқты басты мақсаттарды бағындыра аламыз. Бүгін барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, олардың қала тұрғындарының денсаулығын сақтауда, оларға сапалы, білікті медициналық көмек көрсетуде еңбектері зор екендігін атап өткім келеді. Денсаулық сақтау саласының негізгі қызметкерлері медбикелер екенін бәріміз жақсы білеміз. Сіздердің өмірлеріңізге тек жақсылық, шуақты күндер мен қуанышты сәттер тілеймін, - дей келе, Ботагөз Истелеева бұл мамандықтың қоғам үшін ең маңызды болып табылатынын, адам денсаулығы мен оның белсенді өміріне адал қызмет ететін ең игі іс екендігін атап өтті.Медицина саласындағы негізгі буын
Мария Иманбаева 1993 жылы Жаңаөзен қалалық медучилищесіне оқуға түсіп, оны 1996 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. Сол жылы қалалық «Жедел-жәрдем» бөліміне жұмысқа орналасады. Үнемі аттың жалында, түйенің қомында жүріп фельдшер қызметін атқарған ол науқастардың шағымын, өтінішін тыңдап, әрқашан алғашқы көмек көрсетуге дағдыланған. 2006 жылдан бері «Медикер Өндірістік Медицина» ЖШС-да қызмет атқарып келе жатқан Мария Иманбаева тапсырылған істіуақытылы әрі сапалы орындаған қызметі мен жауапкершілігі үшін 2015 жылы ЖШС Бас директорының «Алғыс хатымен» марапатталған. - Медбикелер - медицина саласындағы негізгі буын, осы қызметті атқарып жүрген әр адамның көтерер жүгі де ауыр. Медбике болып қызмет істеу оңай емес, оның үстіне бүгінгі таңда науқастар өте талғампаз, кірпияз. Біздің саладағы басты күш медбикелерге түсетіні анық. Олар науқастарға ауыртпай ине шаншуға, бабын табуға тырысып-ақ бағады, қай кезде де жеке басы мәселесін емес, науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қояды. Әлеуметтік-психологиялық жағынан да оңай тимейді. Тіпті, кейбір қауіпті мекемеде жұмыс істейтіндердің денсаулықтары нашарлап, зардап шегіп жатқандары да бар. Сондықтан осы төл мерекеміздің қарсаңында барлық медбикелерді құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін. Осы мереке қарсаңында әріптестеріме шыдамдылық пен сабырлық тілеймін, - деп тілек білдірген маман әріпстестеріне жемісті қызмет тіледі.