©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ҚР ҰҚК шекара қызметі «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасына барып, теңізшілерді даярлайтын оқу орнының жұмысымен, сарбаздар өмірімен танысты. Жалпыреспубликалық «Жас Батыр» акциясының аясында ұйымдастырылған ашық есік күніне қатысушылардың жұмысына табыс тілеп, егеменді еліміздің тарихындағы айрықша дата Қарулы Күштердің құрылуының 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.
- Қасиетті еліміздің болашағын егеменді елдің мықты әскері ғана қорғай алады. Мықты әскеріміз ғана тәуелсіздіктің туын дүниежүзіне желбіретеді. Олай болатын болса, біздің Қарулы Күштердің құрылуының 25 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз-біздің шекарамызбен тікелей байланысты. Қазақстанның Президенті Н. Ә. Назарбаев тәуелсіздік жылдарында тарихымызда болмаған шекарамызды бүкіл көршілес мемлекеттермен бекітіп, дүниежүзіне паш етті. Шекарамызды жүрегін салып қорғай білген азамат ғана тәуелісіздігімізді нығайта түседі деп сенемін. Сондықтан Сіздердің бүгінгі жасап жатқан үлкен еңбектеріңіз, қалтықсыз жасап жатқан қызметтеріңіз үшін алғыс айтамын. Алда келе жатқан үлкен мерекелер құтты болсын. Қаншама азаматтар елінің болашағы үшін өмірлерін қиды, қан майданда болашақ үшін күресті. Олардың ерлік істерін біз ұмытпауымыз керек,-деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Мұнан кейін облыс әкімі Е. Тоғжановқа оқу орталығының теңізшілері қарақ-жарақ пен шекараны қорғауға арналған техникалық құралдардың мүмкіндіктерін таныстырды. Шекара бұзушыларды іздеу және ұстау жолдарында қызметтік иттердің көмегін қалай пайдалану керектігін іс жүзінде жоғары шеберлікпен көрсетті.
Айта кету керек, теңіз мамандарын дайындайтын оқу орталығы жұмысын осыдан бес жыл бұрын бастаған. Әскери нысанның аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Мұндағы замануи екі қабатты ғимаратта жаттығу залы, 50 метрлік жүзу бассейні және оқу бөлмелері қарастырылған. Одан бөлек сүңгуір станциясы, шағын кеме тұрақтайтын айлақ та орналасқан. ҚР ҰҚК шекара қызметі «Жағалау күзеті» өңірлік басқарма басшысының бірінші орынбасары Данияр Серікұлының айтуынша, бес жылдың ішінде орталықтан мыңнан астам жауынгер білім алып, біліктілігін арттырған.
- Қазіргі таңда біздің теңіз оқыту орталығында 111 адам оқып, білімін жетілдіріп жатыр. Оқу мерзімі екі ай. Олар теориялық біліммен қатар, Каспий теңізіне шығып, тәжірибе жинақтайды. Біздің қарамағымызда 20 қайық, 13 кеме бар. Орталық осы уақытқа дейін мыңнан астам түлекті оқытып шығарды. Бүгін жалпыреспубликалық «Жас Батыр» акциясының аясында колледж және мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беру мақсатында ашық есік күнін ұйымдастырып отырмыз,-дейді Данияр Серікұлы.
Теңізшілерді дайындайтын оқу орталығында еліміздің әр өңірінен келген жауынгерлер білім алуда. Олардың арасында астаналық Арманай Балтабай да бар. Жастайынан теңізші болуды армандаған бозбала ата-ана қалауымен байланысшы мамандығын меңгергенін айтады.
- Орта мектепте білім алғаннан кейін ата-анамның қалауымен байланысшы мамандығын меңгердім. Алайда, менің арманым теңізші болу еді. Кейін ата-анамнан рұқсат сұрап, осында келдім. Менімен бірге елордадан 58 жігіт келді. Маған бұл жер қатты ұнайды. Оқу орталығына келген аз уақыттың ішінде әскери Жарғыны жаттап, қару-жарақ қолдануды, теңізші болудың қыр-сырын үйреніп, түрлі тактикалық сабақтарға қатыстық. Болашақта осы жерде қалып, келісім-шартпен жұмыс істегім келеді,-дейді Арманай Балтабай.
Жастардың бойына рухани-адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру бағытында ұйымдастырылған ашық есік күніне Мұнайлы ауданындағы №5 орта мектептің және Ақтау қаласындағы білім ошақтарынан, балалар ауылынан келген 80 оқушы қатысты. Облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірованың айтуынша, оқушылардың уақытын тиімді пайдалану, жастардың бойында әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру мақсатында тамыз айында шекара қызметі «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасында бейімдік лагерь ұйымдастырылмақ. Оған 300-ге жуық жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері тартылмақ.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ