Облыс орталығында алғаш рет Маңғыстау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымының ұйымдастыруымен «Әжелер сайысы» облыстық сайысы өтті. Оған Ақтау мен Жаңаөзен қалалары және аудандарынан барлығы 7 әжелер ансамблі қатысып, бақтарын сынады.
[caption id="attachment_22166" align="aligncenter" width="640"] Әжелердің өнеріне баға берген қазылар алқасы[/caption]- Бұған дейін аудан және қала орталықтарында іріктеу турлары өтті. Сол кезеңдерде өздерін жақсы қырынан көрсетіп, жүлделі орындарды иеленген ұстаздар ансамблі бүгінгі облыстық кезеңге қатысып, бақтарын сынауда. Байқауды өткізудегі басты мақсат-талантты ұстаздарды анықтап, шығармашылықтарын шыңдау, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақтың халық әндерін насихаттау. Жалпы бүгінгі облыстық байқауға барлық ансамбль мүшелерін қосқанда 70 ұстаз қатысып отыр. Ең жас әжемізы-40-та, ең үлкені-60 жаста. Алдағы уақытта сайысты екі жылда бір рет өткізуді жоспарлап отырмыз,-дейді Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы қоғамдық бірлестігінің маманы Асылтас Аманиязова.
Тартысты өткен сайыстың қорытындысында бас жүлдені Ақтау қаласындағы №3 орта мектептің ұстаздарынан жасақталған «Асыл дария» әжелер ансамблі иеленіп, 50 мың теңгені қанжығасына байлады.
- Алғашқы кездері мектебімізде өтетін әр түрлі мерекелік кештерде өнер көрсетіп жүрдік. Қалалық деңгейде мектеп ұстаздары арасында әжелер байқауы өткізілетін естіп, бағымызды сынап, қатысып көрейік деп ұйғарып, тыңғылықты дайындықты қолға алдық. Байқаудың талабы бойынша 40-жастан жоғары әжелер қатысуына болады екен. Ақылдаса келе, 7 әжеден ансамбль құрып, ән қоржынымызды жасақтадық. Көбінесе демалыс күндері немесе сабақтан кейінгі уақыттарда дайындалдық. Қалалық сайыста 22 команданың ішінде біздің ансамбль бас жүлдені иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Біздің ансамльдің құрамындағы әжелердің барлығы әннен сабақ бермейді, сонда да талантты жандар. Бүгінгі байқаудан да бас жүлдені иеленгенімізге аса қуаныштымыз,-дейді Ұлболсын Матова.
«Асыл дария» әжелер ансамблінің құрамында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Жанар Есқалиева мен Бағила Дощанова, технология пәнінің мұғалімі Гүлмира Қуанышева, музыка пәнінің мұғалімі Бисенгүл Есіркеева, бастауыш сынып пәнінің мұғалімдері Шара Нұрғалиева мен Құралай Ниязова, география пәнінің мұғалімі Ұлбосын Матова өнер көрсетті. Ансамбль мүшелері баянда, домбырады және ұрмалы аспаптарда тамаша ойнады. Облыстық сайыстың талабы бойынша қатысушылар халық әнін, акапелла, қазақ компазиторларының әндерінен поппуриді нақышына келтіріп орындаулары тиіс. Бұл үдеден де ансамбль мүшелері мүдірместен шықты.
- Облыстық сайыста халық әні «Бір баланы», «Бүлдіргенді» және Шәмші әндерінен поппури орындадық. Біздің ансамбльдің жетістікке жетуге себеп болғаны, барлығымыздың әр түрлі аспаптарда ойнай білгеніміз деп ойлаймын. Біздің өнеріміздің көрермендерге ұнағаны сондай, орындарынан тұрып, ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Жалпы ансамбльдің репертуарында 10 әніміз бар. Мұғалімдер қағазбастылықтан босамай жатса да, шығармашылықпен айналысып, әр түрлі сайыстарға қатысып тұрады... Жалпы мен де кішентай кезімде өнерге жақын болып өстім, домбыра үйірмесіне қатыстым. Саяхатқа шыққанды, өзге елдердің тарихымен, әдемі табиғатымен танысқанды жақсы көргендіктен мамандық таңдар сәтте география пәнінен ұстаз болуды жөн санадым. 35 жылдан астам уақыт ұстаздық салада тапжылмастан еңбек еттім. Бүгінде бар білгенімді шәкірттерімнің бойына сіңірудемін. Шәкірттерім де жетістіктерімен қуантып жүр. Жақында ғана экология тақырыбында өткен сайыста 3 шәкіртім бірінші орынды және 4 оқушым екінші орынды иеленді. Маған қарап бой түзеп ұстаздық саланы таңдаған оқушыларым да көп. Бүгінде олар облыстағы мектептерде сабақ беріп жүр,-дейді Ұлболсын Матова.
Жемісті еңбегімен еленген ұстаз отбасында аяулы жар, ардақты ана, асыл әже. 1984 жылы Арыстан атты азаматпен шаңырақ көтеріп, Гүлістан, Данияр, Гүлжан, Дәулетиярды өмірге әкелген. Гүлістаны Тобышбек атты азаматқа тұрмысқа шығып, ата-анасына Рақымбек, Әділбек, Ғанибек, Ғазизбек атты жиен-немерелерді сыйлапты. Ұлболсын апа жұмыстан бос уақытында кесте тігіп, қыз жасауын да дайындайды. Қазақ, орыс, қарақалпақ, өзбек тілдерін еркін меңгерген. Одан бөлек ән айтып, домбыра да тартады. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын да сақтайды. Жақында ұстаздар арасында өткен сайыста гір тасын көтеруден бірінші орынды иеленді.
- Үлкен қызым Гүлістанды ұзатқан кезде жасауын өзімнің қолыммен дайындадым. Қазақта жанұяға табыс құрала берсін, жан құралсын деген ниетпен қыздың жасауына құрақ көрпені қосады. Сондықтан да қызыма арнап сырып көрпе тігіп, құрақ құрадым. Бос уақытымда жүн иіріп, шұлық та тоқимын. Білгендерімді қыздарыма, келіндеріме үйретемін. Асханада да шебер аспазбын. Әсіресе менің дайындаған палауымды барлығы сүйсіне жейді. Үйде қонақ күткенді жақсы көремін, -дейді Ұлболсын Матова.
Қазылар алқасының шешімімен «Әжелер сайысы» облыстық байқауының жүлделі І-орыны Ақшұқыр мектеп-лицейінің «Ақ ниет» ансамбліне бұйырса, ІІ-орынға Маңғыстау ауданы балалар өнер мектебі, Н. Жұбаев, А. Меңдалыұлы және Б. Жұмалиев атындағы орта мектеп ұстаздарынан құралған әжелер құрама ансамблі лайық деп танылды. ІІІ-орыннан Қарақия ауданындағы санаторлық мектеп-интернатының «Ай-Зере» әжелер ансамблі мен Бейнеу ауданы, Сыңғырлау мектеп-балабақша кешенінің «Аналар сазы» ансамблі көрінді. Ынталандыру сыйлықтарымен Жаңаөзен қаласы №19 мектепті әжелер ансамблі мен Мұнайлы ауданы №1 мектебінің «Шұғыла» әжелер ансамблі марапатталды.
Венера МИРЛАН