Елбасы өз сөзінде жастарға «...жастарға айтарым – сендер халықаралық кеңістіктегі бәсекелестік күрестен сырт қалмауға ұмтылыңдар. Ол үшін тиянақты білім керек. Сосын сол білімдеріңді өмірде жарата білуді, оны нақты пайдалана білуді үйреніңдер. Сонымен бірге, сендер қандай да бір өзгерістерге қашанда дайын тұруларың керек. Әйтпесе, ғаламдық деңгейдегі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі әншейін бос сөз болып қалады» деген еді. Маңғыстау өңірінде Жастар саясаты мәселелері басқармасымен жүзеге асырылып жатқан жасампаз жобалар жетерлік. Зейінді зерек, алғыр жастардың тың идея, ерек ой-жоспары әрдайым мемлекет қолдауына ие болып, ілкімді жобалар соны серпінмен іске асып келеді. Өңір халқының отыз пайызға жуығы жастар. Жас толқынды заман талабына сай сапалы білім-білікпен, қызметпен қамту, жан-жақты жағдайын жасау мәселесіне жергілікті атқарушы органдар аса мән беріп келеді. Мәселен, жастар саясатын жандандыру, мән-маңызын арттырып, қоғамдық белсенділікті арттыру мақсатында «Aktau Open Fest» дәстүрлі спорт және музыка фестивалі ұйымдастырлып, жоғары деңгейде аталып өтті. Ауқымды шараға үш күн бойы жүз мыңға жуық көрермен ат салысты. Фестиваль аясында сан алуан спорт түрлері кеңінен насихатталып, қолөнер, сәнгерлер мен қылқалам шеберлерінің туындылары халық назарына ұсынылды. «Amal Talks» зияткерлік алаңында өзекті мәселелер, өткір сын-пікірлер ортаға салынып, өнеге-тағылымы мол әсерлі әңгіме өрбіген еді. Халық қалаулылары, спорт саңлақтары мен қоғам қайраткерлері елеулі еңбек жолы, жасампаз жетістіктері мен толайым табыстары турасында сыр шертті. Тағы ескере кетер маңызды жайт, республика бойынша тұңғыш рет жұмысшы жастар арасында «Жайдарман» әзіл-сықақ ойындары өткізілді. Аталған іс-шараны Қазақстан КТК Одағының Президенті Есен Елеукен сынды әзіл әлемінің майталманы жоғары бағалап, қатысушылардың ұтқыр ұйымдастырушылық қабілетіне аса назар аударды.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Мәселен, 2013 жылы жергілікті мұнай компаниялары мен мемлекеттік мекемелер жанынан «Жас мамандар кеңесі» құрылып, жоғары және орта арнаулы оқу ордаларында жастар ісі жөніндегі комитеттер қызметін бастады. Қазіргі таңда олар өңірде жастар саясатын жүйелі жүзеге асыру, түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатып, мемлекеттік бағдарламаларды іске қосуда табанды қызмет етіп келеді. Облыс әкімдігі тың бастамаларға жол ашып, қолдау танытуда аянып қалмады. БҰҰ Балалар қоры бағдарламасына сәйкес Біріккен корольдіктен және Астана шаһарынан жастар саясаты саласынан сақа мамандар келіп, кәсіби іс-тәжірибемен бөлісті. Ауыл-аймақ, аудан мен қалада орын тепкен орталық басшылары мен қызметкерлері екі жұма арнайы дәріске қатысып, зор мағлұматқа қанық болды. Мүмкіндігі шектеулі, тағдыр тоқпағына тап болған, аңдамай арбауға түскен жастармен өзара қарым-қатынас орнату, қоғам өміріне бейімдеу, тығыз психологиялық жұмыс жасау жолдарын ұғынып, үйренді.Қазіргі таңда олар жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жастарға ақпараттық көмек беру және әлеуметтік қызметтер көрсету, кеңес беру, облыстағы әрбір жастың қоғамға белсене араласып, өз үнін жеткізу жолында барынша үлес қосып келеді
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басты бағыты жұмыссыз жастарға жәрдемдесу. Өңірде былтыр «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жаз айларында 1600 адам жұмыспен қамтылды. Сан түрлі сала ұжымы жас мамандармен толықты. Басқарма мәліметіне сүйенсек, білім беру жүйесіне 600-ге жуық ұстаз, мәдениет-өнер саласына 50-ге таман жас өнерпаз, денсаулық сақтау саласына 60 дәрігер қызметке кірісті. Сонымен қатар, өңірде «Жаңа серпін» бағдарламасы шеңберінде онға жуық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 5500 жас жұмысқа орналасқан.
Өңір жастарының алпыс пайызы ауыл-аймақта тұрады. Ауыл жастарымен тығыз жұмыс істеу мақсатында ауылдық округтер әкімі жанынан жастар және спорт ісі инспекторлары қызмет етеді. Сонымен қатар жастар саясаты мәселелері басқармасы «Самұрық-Қазына Траст» мекемесімен бірлесе бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, 12-ге жуық спорт кешендерін салу, шағын футбол, баскетбол, балалар алаңы, воркаут сынды заман талабына сай спорт түрлері бойынша Ақтау қаласынан 4, Жаңаөзеннен 4 және аудан орталықтарынан спорт алаңдарын салу көзделген. «Самұрық-Қазына Траст» мекемесі 50 орта білім ордасына су жаңа спорттық құрал-саймандар, музыкалық мектептерге музыкалық аспаптар, аула клубтарына қажетті жабдықтар алып бермек. Әрі «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ісмер жастарға арналған тегін тігін курстары ашылды.
Жастармен жұмыс жасау бойынша әлемдік рейтингіде 183 елдің ішінде Қазақстан 61-орында тұр. Мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, оларға белсенді қатысып жүрген жалынды жастардың болашағы жарқын боларына сенім мол.
Голрох Жеменей