Ғазиз аналар, жанарында мейірім тұнған иман жүзді жеңгелер, аяулы арулар, қыр гүліндей құлпырған, күн нұрындай күлімдеген бойжеткендер әрдайым толассыз қошемет, ең таңдаулы құрмет пен тағзымға лайық. Өмір нәрін сеуіп, өзегіне айналған, әз әлемді нұр-шұғыласына бөлеп, әлдиімен тербеген ең-ең нәзік жандылар Елбасымен кездесті. Отбасы ұйытқысы, бақыт-береке бастауы, іске епті, жаны нәзік те, рухы мықты сан сала үздіктері Ел Президенті тарапынан сый-құрметке бөленді. Маңғыстау өңірінен мұндай мәртебеге «Айқын» мен «Маңғыстау» мерзімді басылымының маңдайалды журналисі Венера Мирлан ие болды.
Венера Мирлан кәсіби тәжірибесі зор, қаламы төселген, жазу машығы ерек журналист. Ол Х.Досмұхамбедов атындағы жоғары оқу ордасын журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Телевизия мен баспасөз саласында еңбек сіңірген. Оқу бітірісімен «Қазақстан – Ақтау», «31-арна» телеарналарында, «Ар», «Ақтау ақпарат» газеттерінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда «Маңғыстау» және «Айқын» газеттерінде еңбек сүрлеуін жалғап келеді. Он жылдан аса жанқияр еңбек жолында зор жетістікке жетіп, табанды ізденіспен толайым табысқа кенелуде. Талай байқау-бәйгеде бағы басым түсіп келеді. Мәселен, былтыр өткен республикалық ұлттық инновация байқауында үздік атанып, кәрі құрлық төрі – Лондонға жолдама алған еді. Түйінді ой толғап, түйіткілді жайтты қаузай зерттеп, қалам тербеген журналист өлкеде қадір-қасиеті, қарым-қабілеті, абырой-беделімен сыйлы. Биыл ақжарқын, кең пейіл, ниеті адал бойжеткенке Елбасымен кездесу бақыты бұйырып, барша әріптестері мәре-сәре болысты.
«Алдымен мейірбан Аллаға, ақ батасын беріп, тілеуімді тілеген Ата-Анама алғысым зор. Көгорай көктем мерекесімен тұспа-тұс естен кетпес тосынсый болды. Елбасы – ұлт тарихы тақтасында есімі ерек таңбаланған ұлы тұлға. Елбасымен жүздесу, өнеге-өсиет тұнған әңгімесіне құлақ түру мен үшін зор ғанибет»,-дейді Венера Мирлан.
Иә, Ұлт көсемімен кездесу кез келгенге бұйыра бермейтін бақ. Елеулі еңбек жолы сараланып, қалтқысыз қызметі бағаланады. Ең үздік деп танылған жан ғана күмбезі көк тіреген, еңсесі биік Ақордадан арнайы шақырту алады.
«Елорда төріне қанат жайған Ақорда сән-салтанаты жағынан хан ордаларына дес бермейді. Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген, асыл тастармен әшекейленген күмбезді зал көркіне көз тоймайды. Үндестік пен үйлесім орнаған ғажайып ғимарат жан сарайыңды ерек сезімге бөлейді. Елбасымен кездесу бірнеше сағатқа созылды. Көңілі толқып, көз жасына ерік бергендер де болды. Себебі бұл бәріміз үшін өміріміздегі ең маңызды сәттердің бірі болатын. Мен де қатты толқыдым. Ойым сан-саққа жүгіріп, пікірім бір арнаға тоғыспай, көңілім алай-дүлей болды. Елбасы арнайы залға енісімен, ерекше күй орнады. Қыз-келіншектер өздерін еркін ұстап, сыңғырлап күлуге, қымсынбай сөйлеуге ерік берді. Әдемі де көңілді отырыс болды»,-дейді күлімсірей Венера.
Күлімкөз көктемдей көрікті арулар, жүздері бал-бұл жанып, жаздай жайраң қаққан сұлулар Елбасы әңгімесін еліте тыңдасты. Олардың арасында ұлағатты ұстаз, алтын құрсақты ана, кәнігі кәсіпкер, әскери, ғалым, мұнайшы, мәдениет пен спорт қайраткерлері бар. Ел Президенті ақ пейілді, дархан жүректі нәзік жандылардың ішкі жан-дүниесі, ой-толғамы мен табиғаты турасында бір үзік сыр шертті.
«Елбасы отбасы құндылықтарын қастерлеу, жұбайлар арасындағы өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыру турасында тағылымды әңгіме айтты. Жүрегі мейірімге толы, түсінігі мол, сезімі сергек, көзқарасы кең әйел-ана отбасыдағы бақыт пен береке кілті екендігін ескерді. Әйел затының қоғамдағы рөлі мен саяси сахнадағы белсенділігін атап өтті. Әсіресе, анаға деген сыйластық мәдениетін жандандыру жайына аса назар аударды. Біздің арамызда Антрактиданың ең биік шыңын бағындырған Әлия, жеке күзет компаниясына иелік ететін Зарина сынды арулар болды. Бұл нәзік жандылар алдына мақсат қойса, кез келген істі қиындықсыз игеріп кететініне дәлел бола алады. Сонымен қатар, Елбасы көпбалалы ана, қазақ келіні Оксана Мұқашеваға алтын алқа тақты»,-дейді журналист.
Елбасы Н.Назарбаев Венера Мирланға ерекше ілтипат білдіріп, жылы лебізін жеткізген.
«Елбасы танысу барысында маған «қандай сұлу» деп, ізет танытты. Бұл мен үшін зор мәртебе. Президентпен жүздесу мені жаңа жетістіктерге жетелейді. Армандар орындалады. Сондықтан жақсылықтан үміт үзбеуге тиіспіз!»-дейді Венера.
Кездесу соңында қыз-келіншектер Елбасымен бірге Ақорданы аралады. Аса құнды сәулет туындысы - ғажайып ғимарат теңдесіз талғам, керемет көркімен баурады. Елбасының қызмет орны, арнайы қонақ бөлмесі мен ресми мәжіліс залдары қонақтардың таңданысын тудырды. Сонымен қоса қадірменді арулар 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалады.
Голрох Жеменей