«Ер еңбегімен еңселі» дейді қазақ халқы. Ырыс-несібеңді еселеп, отбасыңа құт-береке дарытар, әл-ауқатыңды арттырар адал еңбек, маңдай тер екендігі мәлім. Қажыр-қайратына сүйеніп тапқан табысы басына бақ-дәулет боп біткен жандардың бірі Түгел Кемалұлы. Табанды еңбекпен абырой-беделге кенелген, мерей-мәртебесі үстем арда азамат «қара алтын» өндірісін өрге сүйреп, өңірде өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан, өнегелі өмір өрнегімен, болмыс бедерімен ерек тұлға.
Түгел Кемалұлы 1943 жылы дүние есігін ашады. Сұрапыл соғыс өрті өшкенімен, ел тұрмыс-тірлігі түзеле қоймаған шақ. Көбінің күй-жайы жұтаң тартқан. Кәрі-жасы қызу еңбекке жұмыла араласады. Белі қатпаған бозбала ата-анасына бас-көз боп, қайта құру кезеңінде ел еңсесін тіктеуге еңбек етеді. Марқұм әкесі Кемал діни сауатты, көкірек көзі ояу жан болған. Жігерлі жастың алдында артынан ерген бауырларын аяққа тұрғызып, алға жетелеу, оқытып-тоқыту міндеті тұрады. Арқа сүйер азамат әрқайсысының өз алдына отау тігіп, өмірде өз орнын табуына септеседі. Еңбек жолы суландыру мекемесінде бастау алады. Қажыр-қайраты мол, шымыр жас кез келген істі демде игеріп, дөңгелетіп әкетеді. Ауыр техника тілін жетік меңгеріп, трактор, экскаватор, бульдозер сынды сан түрлі техниканы тізгіндейді.
«Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар таттым. Бала кезімде білімге құштарлығым өте жоғары еді. Тұрмыстың бар тауқыметі иығыма артылып, оқудан қол үзіп қалдым. Қол қусырып қарап отырғаным жоқ. Үш айлық оқу курсын тәмамдап, ауыр техника машинисі мамандығын меңгердім. Өмірде «ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүргенді қалайтын жандар» кездеседі. Дегенмен, ауыр еңбек, табанды төзім адамды ширата түседі. Барыңды бағалап, азға қанағат етуді үйретеді. Өз басым ауыр еңбектен бас тартқан емеспін. Мойныма артылған міндетті әрдайым мінсіз атқаруға тырысатынмын»,-дейді Түгел ата.
Сай-Өтес ауылында тұрақтаған Түгел Кемалұлы алдымен Сай-Өтес стансасында теміржолшы ретінде қызмет етеді. 1971 жылы «ҚазТрансОйл» жүйесіндегі еңбек жолын бастайды. Сай-Өтес ауылына жуық маңдағы «Оңтүстікмұнайқұбырдың» желілік өндірістік диспетчерлік стансасында апатты қайта қалпына келтіру бригадасына арнаулы техника машинисі, құбыржолшы қызметіне тағайындалады. Түрлі ауыр техника көмегімен жер қазу, қопару мен құбыр төсеу ісін жүргізеді. Темірдей тәртіп, табанды төзіммен қисыны қиын істің икемін игеріп, қыр-сырына қаныға түседі. Іске епті, бастамаға батыл маман өз міндетін мүлтіксіз атқарып, жас буын өкілдеріне үлгі боларлықтай қасиетімен танылады. Мұнай құбыр жүйесін жалғап, технологиялық мұнай құбырларын қалпына келтіру, «қара алтын» тасымалы үрдісін үздіксіз жүзеге асырумен айналысады. Күні-түні ызғырық суық, аптап ыстық демей, құбырды нығыздау, тазалау, майлау, реттеу әрі техникалық жай-күйін бақылау жұмысынан бас алмайды. Стратегиялық маңызы зор «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбыр желісі құрылысы мен іске қосуға дейінгі барлық кезеңнің басы-қасында болады.
«Күрделі ақауды әп-сәтте жөндеп, құбыр желісін іске қосу зор жауапкершілікпен атқарылады. Ағаттыққа жол жоқ. Сауысқандай сақтық қажет. Үздіксіз мұнай айдау үрдісіне тосқауыл қоймаудың қамын жасадық. Демалыс күндері болған жоқ. Апатты жағдай орын алса, алып-ұшамыз. Апталап, тіпті айлап үй көрмей, дала кезіп, жұмыс істедік. Қара балшыққа былғанып, үсті-басымыз малмандай мұнай, су болған кездері әлі жадымда. 1973 жылдың қысы. Жазық дала. Мұнай құбыр желісі бойында жұмыс жасап жатырмыз. Арнаулы техника тапшы. Барлық күрделі іс қолдың күшімен, маңдай термен жүзеге асады. Трассаның 308 шақырымында негізгі құбыр жарылып, төтенше апат орын алды. Апат зардабын жою, құбыр алмастыру үшін күні-түні ұйқы көрмей, дамылсыз жұмыс істедік. Апатты қайта қалпына келтіру бригадасына жетекішілік еткен Иван Каспер, інім Тыныштық Кемалов, Дүйсен Тілеуқұлов және мен қарлы боран мен үскірік аязға қарамастан құбыр желісін іске қостық. Бірде құбыр жанында қатты шаршап, көзім ілініп кетсе керек. Белгісіз біреудің қатты жұлқылағанынан шошып ояндым. Алдымда аяғына пима, басына папаха, үстіне көк шинель киген адам тұр екен, Мені демеп, тұрғызып, ыстық шәй берді. Әңгіме үстінде ол кісінің КСРО Мұнай өнеркәсібі министрінің орынбасары В.Н.Чачин екені мәлім болды. Апатты аумақтағы жұмыс барысын бақылау, дұрыс-бұрысын қадағалауға Мәскеуден арнайы келіпті. Қолайсыз климат, күрделі жағдайда еңбек етіп, үздік көрсеткіштерге қол жеткізген біздерге зор таңданыспен қарады. Арнайы техникамен қамтамасыз ететіндігін айтты. Уәдесін орындады»,- деп еске алады Түгел Кемалов.
1996 жылы Түгел ата қызмет бабымен Ақтауға қоныс аударады. «Ақтау» желілік өндірістік диспетчерлік стансасында апатты қайта қалпына келтіру бригадасына жетекшілік етеді. Жады берік, төзім тастай, жігерлі азамат ел дәулетін еселеген мұнай тасымалында табаны күректей отыз бес жыл еңбек еткен. Тағдыры «қара алтын» -мен тоғысып, бүткіл ғұмыры сол саламен біте қайнасты. Еселі еңбек жолында тәжірибелі, еңбекқор жандармен істес әрі дәмдес болды. Олардың қатарында Сайын Латипов, Иван Беспалов, Жұбат Оразов сынды адамгершілігі мол, тәлім-тәжірибесі зор, өз кәсібінің білгірлері бар. Тыныштық Кемалов, Дүйсен Тілеуқұлов, Елбай Нұрпейісов секілді іні-бауырлары мұнай тасымалы саласында табанды еңбек етті. Түгел ата істес, кәсіптес, тағдырлас болған кісілердің дариядай шалқыған кең пейіліне, кісілік қалыбына әрдайым риза.
«Сайын Латипов екеуіміз ескі құбыр желісін жөндеп, жаңа құбыр жалғауда талай қызықты бастан өткердік. Сай-Өтестің қысы қатал, үскірік аяз. Жан-жақтан азынаған жел өңменіңнен өтеді. Су тапшы кездері қолымызды жермаймен жуып, еңбек еттік. Сай-Өтестен Бейнеуге дейін жаяу жүрген едік. 1997 жылы Сай-Өтес стансасынан 45 шақырым жердегі Бозащы түбегінің Қайдақ сорында күрделі апат орын алды. Теңіз арнасынан тасып, Қаламқас пен Қаражанбас кен орындарын ауыз сумен қамтитын «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры желісі су астында қалды. Апатты қалпына келтіру бригадасында өңкей жас. Тәжірибесі де жеткіліксіз. Мұз қатқан суға үстіме сүңгуір костюмін іліп ап, белуардан асқан суға өзім кірдім. Апаттың алдын алғаныммен, аяқ-қолымды үсік шалды»,-дейді күлімсіреп ардагер ақсақал.
Күш-қайраты мол, өз ісін жан-тәнімен сүйетін азамат қол астындағы жастарға әрдайым қамқор бола білген. Кәсіби бағыт-бағдар нұсқап, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырған. Денсаулығына төнген қауіп-қатерге қарамастан аяқ асты апат орнап, қатерлі ахуал орын алғанда тығырықтан шығу жолын дәл тауып, жастарға жанашырлықпен қараған білікті маманның күрмеуі қиын істің қисынын келтіруі телегей тәжірибесіне дәлел болмақ. Түгел Кемалұлы төтенше жағдайлардың алдын алумен қатар, түрлі құрылыс жұмыстарының жүйелі жүзеге асуына ат салысқан. Мәселен, 2001 жылы Ақтау бас мұнай айдау стансасына қарасты теміржол эстакадасында Кұмкөл мұнайын ағызу жүйесі қондырғысы құрылысын жүргізген.
«Отбасым мен балаларым үшін, олардың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еттім. Адал еңбекке баулып, өзгенің ала жібін аттамауға, білім-ғылымға ұмтылуға үйреттім. Мен көрмеген қызықты солар көрсін деген әкелік ақ тілек болды. Бүгінде зор бейнеттің зейнетін көріп отырмыз. Еңбегім еленіп, түрлі марапатқа ие болдым. Басшылық жаңа әрі жайлы үйдің кілтін де табыстады»,-дейді майталман мұнайшы.
Абырой-беделі зор атпал азамат әр жылдары ерен еңбегімен зор табысқа жетіп, мадақ-марапатқа ие болады. Ол КСРО мұнай және газ өнеркәсібі Министірінің Құрмет грамотасымен, КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумының жарлығымен 1986 жылы Кеңес Одағының «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. 1984 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне Маңғыстау өңірінен үздік шығады. Бес жыл бойы портреті Мәскеудегі Құрмет тақтасында ілініп тұрды. 2005 жылы «Қазақстанның құбыр көлігіне 70 жыл», ал 2011 жылы «Таңдаулы маман» медалімен марапатталды. Ардагер мұнайшыға қара алтын тасымалдау ісінің қарқынды дамуына, іргелі кәсіпорынның өсіп-өркендеуіне, сонымен қоса өңір экономикасының өзегі – мұнай өндірісінің өрістеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін «Маңғыстау мұнайына- 50 жыл», «Маңғыстау облысына - 35 жыл», «Маңғыстау облысына- 40 жыл» мерекелік медальдары табысталады. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қазақ мұнайына 100 жыл толуына орай мерейтойлық төсбелгісін кеудесінe тақты. Ал баспана кілтін Ұзақбай Қарабалиннің өзі табыстады. Ерен еңбек ері белін бүгіп, терін төккен, жан-тәнімен кірісіп, үдесінен шыққан еңбек жылдарын жиі еске алады.
«Өз кәсібіңді сүю, істің көзін тану оң нәтижеге, жақсы жетістікке жетелейді. Біз қиын-қыстау кезеңді де, бар ауыртпалықты да бастан кешірдік. Жалақы, жұмыс жағдайына қарамадық. Нәтижелі әрі сапалы еңбек еттік. Бүгінде біздің ізімізді жастар жалғап келеді. Олардан жастық жалын есіп, жігері жанып тұруы тиіс»,-дейді абыз ардагер.
Қазіргі кезде Түгел Кемалұлы адал еңбектің нәсібін көрген, отбасы бақытына бөленген жан. Жұбайы Айсұлу әжемен отау құрғандарына биыл 54 жылдың жүзі болмақ. Айсұлу Кемалова «ҚазТрансОйл» жүйесінде 34 жылдан аса еңбек еткен жан. Ақ жаулықты ардақты анамыздың еңбек жолы өзге бір татымды дүниеге арқау боларлықтай. Жолдасымен 6 перзент сүйіп, тәрбиелеп өсірген бақытты отбасы өзгелерге үлгі боларлықтай. Тағдырдың жазғанына мойымай, ысты-суығына төзіп, қуанышы мен қайғысын, жақсылығы мен жамандығын тең көтеріп келеді. Балаларының бәрі дерлік жоғары білімді, лауазымды қызметте. Бүгінде қазыналы қария мен ақылгөй анамыз ұл-қызының, немере-жиендері мен шөберелерінің қуанышын қызықтап, бақыт құшағында тербелуде.
Голрох Жеменей