Қала әкімінің тапсырмасымен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын таныстыру және жүзеге асыру мақсатында қаламызда тұрғындармен кездесу жиын ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар қала кәсіпкерлері, кәсіпкерлік салаға тікелей қатысты мекеме басшылары арасында, Рахат ауылы әкімшілігінде, қалалық әкімдікте өткізілді.
Рахат ауылындағы кездесуге қала әкімінің орынбасары Серік Қалдығұл, Рахат ауылы әкімі Бақыт Нұржауов, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жібек Бекова, Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлікті қолдау орталығының басшысы Абдолла Ыдырысов, облыстық Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының бас маманы Ербол Аймағанбетов, «Даму» қоры орталығының менеджері Бибігүл Салықбаева және сала мамандары қатысты. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ж.Бекова өз сөзінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы енгізілгенін айтты. Жаңа мемлекеттік бағдарлама «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының жалғасы болып табылады. Мұнда «Техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету», «Бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту», «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» сынды 3 бағыттан тұрады.
- Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында халық арасында ақпараттандыру жұмыстары басталып кетті. Осы уақытқа дейін қала кәсіпкерлерімен, кәсіпкерлікке тиесілі мекеме басшыларымен кездесулер өтті. Жаңаөзен қаласына іргелес орналасқан үш ауыл ішінде алғашқы шара осы Рахат ауылында ұйымдастырылып жатыр, - деді, Ж.Бекова.
Қаладағы кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша жасалып жатырған және алда атқарылатын жұмыстар және қатысушыларға мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпарат берілді. Бүгінгі күні мемлекет қалаларда және ауылдарда шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында берілетін несие көлемін 3 млн. теңгеден 16 млн. теңгеге дейін ұлғайтып, пайызын төмендетті. Кездесу соңында кәсіпкерлер несие алу және төлеу мерзімін ұзарту, кәсіпкерлік мақсатта жер алу, тұрғын үйге берілген жерден коммерциялық бағытта нысан ашу, аукцион, ауыл шаруашылығын дамыту, кепілдеме, құжаттарды реттеу секілді проблемалық сұрақтарын қойды. Сауалдарға сала мамандары жауап беріп, кейбір кәсіпкерлердің мәселелері бойынша жеке қабылдауға шақырды. Халықты нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыта отырып жұмыссыздықты азайту мақсатындағы кездесу 28 ақпан күні қалалық әкімдікте өтті. Жиналысқа Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева, «Даму» қоры Маңғыстау облыстық филиалының директоры Берік Нұрғалиев, Маңғыстау облысының өңірлік мемлекеттік жекеменшік әріптестік орталығының инвесторлармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Шахриза Қайсағалиева қатысты. Мұнда да халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға көмектесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсаты сөз болды. Кәсіпкерлер үшін мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тетіктері мен қатысу жолдары жайында ақпарат берілді. Кездесу соңы екі жақты диалогқа ұласты.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА