©
Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан соң бірнеше күндерден соң ішкі әскер болып құрылған Ұлттық ұлан бүгінде 25 жылдығын атап өтуде. Елдегі маңызды нысандар мен түзеу мекемелерін күзетіп, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететін ұландықтар лаңкестікпен де күреседі. Ақтаудағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде 66/56 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен айтулы мерекеге арналған «Ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран» салтанатты шара өткізіліп, әскери борышын абыроймен өтеп жүрген қызметкерлер облыс әкімі мен құрылым басшысы атынан марапатталды.
Ақтаудағы 66/56 және 35/02 әскери бөлімдерінің қызметкерлері, сала ардагерлері мен әскерилердің отбасылары шақырылған салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұлов сөз сөйлеп, маңызды мерекемен құттықтады.
Ұлттық ұланның 25 жылдық мерекесі құтты болсын! Ұландықтар өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді. Облысымыздағы әскерилер еліміздегі маңызды нысандарды күзетіп, қоғам тыныштығын сақтауда ерен еңбек етуде. Осы мақсатта адал қызмет етіп, көп тер төккен сала ардагерлеріне үлкен алғыс айтамын!- деді облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұлов. Мереке құрметіне Әнуар Шөжеғұлов бірқатар қызметкерлерге әскери борышын өтеудегі мінсіз қызметі үшін облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар тапсырды. Марапатқа ие болғандардың арасында 66/56 әскери бөлімі командирінің орынбасары Медет Есембаев та бар. 20 жылдан бері әскери қызметте жүрген оның Ақтауға қоныс аударғанына көп болмаған. 1997 жылы маңызды мамандығы бойынша жұмысын Петропавл қаласында бастаған Медет Көкшетау, Астана, Ақтөбе қалаларында әскери борышын өтеген.
2016 жылы Маңғыстауға келдім. Өмірлік жарым да әскери қызметте. Үш балам бар. Өз мамандығымды жақсы көргендіктен, қандай қиындық болса да елемеуге тырысамын. Ең бастысы – туған елім мен жерім үшін адал қызмет етемін!-дейді 66/56 әскери бөлімі командирінің орынбасары Медет Есембаев. Мәртебелі мереке күні сахна төріне көтерілгендердің бірі- ақтаулық Ілияс Қарақойшиев. Ілияс Бектемісұлы 2016 жылы 5 маусым күні Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиғаға қатысып, өзінің әскери қызметін ерлікпен орындаған. Жас сарбаз сол күні әскери бөлімде қарауылда тұрған. Бейбіт елдің тыныштығын алып, айдың күннің аманында қолдарына қару алып, қаскөйлікпен шабуылға шыққан лаңкестерге ақтаулық жігіт тайсалмастан қарсы тұрып, оқ атқан. Жастайынан көп сөйлемейтін, салмақты Ілияс қазір сол күндерді есіне ала бермейді. Өткен жылдың желтоқсан айында әскери борышын аяқтап, жерімізге оралған 20 жасар жігіт қазір колледжде оқиды. Ұлттық ұланның 25 жылдығына орай Ілияс ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының бұйрығымен «ҚР құқық қорғау әскеріне 25 жыл» кеуде белгісімен марапатталды.
Қиын да жауапты мамандықты таңдап, адал қызмет етіп жүргендердің бірі – 66/56 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік құқық бөлімше бастығының аға көмекшісі Назгүл Бекболатқызы. Қызметін осыдан 8 жыл бұрын бастаған Назгүл әскери адам болуды жастайымнан армандадым дейді.
Әскери қызметкер болу – бала кезгі арманым болды. Әдемі киім, жауынгерлік дайындықтар маған қатты тартымды көрінетін. Арманым орындалып, қазір әскери қызметтемін. Әйел болсам да, ер азаматтармен бірге жүгіріп, бірге жаттығамын. Оқыс жағдайда түн демей, таң демей қолыма қару алып, оқ атамын. Отбасым да, балаларым да менің жұмысыма түсіністікпен қарайды. Әрине, әр мамандықтың өз қиындығы бар. Бірақ, ең бастысы, оны сүйсең, кез келген кедергіден өтіп, ауыртпашылықты артта қалдыруға болады,-дейді 66/56 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік құқық бөлімше бастығының аға көмекшісі Назгүл Бекболатқызы.
Ақтауда 66/56 және 35/02 әскери бөлімдерінде 1 мыңға жуық қызметкер қоғам тыныштығын қорғауға атсалысады. Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеу кез келген жігітке бұйыра бермейді. Бойы 170 см жоғары, денсаулығы мықты, рухы асқақ азаматтарға ғана ел тыныштығы аманатталады. Күн-түні жұмыс орнынан табылып, мемлекет мүддесі жолында кез келген қадамға барып, ел үшін ешқашан шаршамайтын жауынгерлердің қызметі зор мақтанышпен айтуға тұрарлық.
1992 жылы 10 қаңтарда құрылған еліміздің ішкі әскері мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2014 жылы Ұлттық ұлан болып қайта құрылды. Ұландықтардың басты міндеті – мемлекет пен қоғам, және сондай-ақ, ел азаматтарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ