©
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және энергетика саласы қызметкерлерінің төл мерекесіне орай «МАЭК-Қазатомөнеркәсібі» ЖШС-де салтанатты шара өтті.
Өңірдің электр энергиясы, су және жылу көзі – Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты кәсіби мерекесіне мықтап дайындалған. Толассыз тілектер, құрмет-марапаттар, сахна төрін ашқан өнерпаздар, бәрі-бәрі мерекелік кеште көрініс тапты.
— Еліміздің ең ұлық мейрамы – Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойы мен энергетиктердің төл мерекесін жоғары деңгейде атап өту үшін салтанатты шарада қатардағы қызметкерден бастап, осы алып мекеменің шаңырағын көтерісіп, керегесін кеңейтуге сүбелі үлес қосқан ардақты ардагерлер бас қосты. 25 жыл бұрын тереңге тартқан тарихымыздың алтын парағы ашылды. Бүгінгі биіктерден көріну үшін мемлекетіміз талай сыннан, талай қиындықтан өтті. Сан салалар өркендеп, дамыды. Оның ішінде энергетика саласында маңызды орын алатын «МАЭК»-те орнықты даму үстінде. Комбинаттың жүрегі – білікті де тәжірибелі мамандардің арқасында «МАЭК» аймақтың жетекші кәсіпорынына айналған. Біз әлі де үздіксіз өсе береміз. Барлық энергетика саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, толағай табыс, мол бақыт тілеймін, — деп құттықтау лебізін білдірді «МАЭК-Қазатомөнеркәсібі» ЖШС бас директоры Қайрат Абдрасилов.
Оның сөзінше, ағымдағы жылы комбинат қазандықтары жөндеу жұмыстарынан өтіп, жоспар жемісті орындалған. Бүгінде «МАЭК»-те 4000-ға жуық қызметкер еңбек етеді.
Маңғыстаудың жүрегі атанған мекеменің еңбек ұжымын мерейлі күнмен №3502 әскери бөлімінің өкілдері де құттықтап, кәсіпорынның бас директорына «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төс белгісін тапсырды. Үш қызметкерді алғыс хатпен марапаттады. МАЭК-тің жарқын болашағы үшін зор еңбек сіңірген ардагерлер де елеусіз қалмады. Бас директор еңбек ардагерлері мен озаттарын алғыс хатпен марапаттап, құрметке бөледі.
— Энергетик - мақтануға тұрарлық өте күрделі кәсіп. Сонау 1962 жылы комбинаттың іргесін қалап, алғашқы қондырғыларды іске қосқан жандар үшін, біз үшін бұл жай ғана жұмыс емес, бұл біздің тағдырымыз, өміріміз еді. Сондықтан Маңғыстау энергетиктері МАЭК тарихының бастауында тұрған ардагерлерді ұмытпай, құрмет көрсетіп жүрсе деймін. Біз әлі де саптамыз, кәсіпорын игілігі үшін өз үлесімізді қосуға әрдайым әзірміз,-деді энергетика саласының ардагері Владимир Тропин.
Бұл күні энергетика саласын дамытуға үлес қосқан өзге де лайықты қызметкерлері марапаттан құралақан қалған жоқ. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен жоғары біліктілігі үшін берілген төс белгілер, құрмет грамоталар және алғыс хаттар өз иелерін тапты. Энергетиктер мерекесі аясында спорт спартакиадасы өтті. Онда жеңіс тұғырынан көрінген қызметкерлер де марапаттауға ілінді.
— Энергетикалық комбинатта 2006 жылдан бері жұмыс істеймін. Бұрын осы мекемеде студент кезімде тағылымдаман өтіп, тәжірибе жинақтадым. Бүгінде көзбен көріп, қолмен ұстап, мамандықтың қыр-сырын игердім. Басшылықтың өндірістегі жеткен жетістіктерімді бағалап, марапаттап жатқанына қуаныштымын. Өлкені жарық пен жылумен қамтамасыз етуде еңбектеніп, жақсы нәтижелер көрсетеміз деген үміттемін,-деп қуанышымен бөлісті электромонтер Көпжасар Қанатов.
Шара аясында МАЭК-тің көңілді тапқырлар клубы өнер көрсетіп, мереке соңы өнерпаздардың концертіне ұласты.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="16735,16731,16732,16726,16717"]