Өңірімізде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы, «Қазақстан Республикасында жергілкті өзін өзі басқару туралы» Заңның қолданылу аясы мен Заңдағы өзгерістер, шешім қабылдау процесіне қоғамның тартылуы секілді өзекті мәселелер «Аймақ дамуының факторы—жергілікті өзін өзі басқару» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде талқыланды.
Республикалық «ИРИС» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Жастар жетістігі» ҚБ және БҰҰ даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен бірлесе ұйымдастырылған шарада «Экономикалық зерттеулер, бағалау және мониторинг орталығы» Қоғамдық қорының сарапшысы Шолпан Әйтенова «ҚР жергілкті өзін өзі басқаруды дамытудағы басымдықтар» туралы баяндама жасады. «Жергілікті өзін өзі басқару жергілікті маңызы бар мәселелердің шешімін сол аумақта тұратын жергілікті халықпен бірге қарастырады. Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде қаржы көздерін қалыптастыру, жергілікті өзін өзі басқарудың дамуы үшін өте маңызды болып табылады», деген ол жергілікті өзін өзі басқарудың қаржы-экономикалық негіздерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге жеке тоқталды.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Ақкенжиева жергілікті өзін өзі басқаруды тиімді дамыту жолындағы ынталандырулар мен кедергілер, нормативтік құқықтық, әкімшілік, әлеуметтік-мәдени аспектілер жайында баяндады.
«Жастар жетістігі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жақсыгүл Махамбетова жасаған «ҮЕҰ жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдірудегі рөлі және ЖӨБ қолдаудағы тәжірибесі» тақырыбындағы баяндамада кейбір үкіметтік емес ұйымдардың осы бағыттағы бір жылдық жұмыстары қамтылды. Ол жергілікті өзін өзі басқаруды қолдауда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі зор болғанын атап өтті. «Ақтауда БҰҰДБ офисі ашылған күннен-ақ селолық округтерде жергілікті өзін өзі басқару бойынша жобаларды жүзеге асыру міндеті алға қойылды,-деді Жақсыгүл Шахзадақызы. Көп ұзамай БҰҰДБ «Қазақстан Республикасында жергілкті өзін өзі басқару концепциясы» аясында облыстың 5 ауданында жергілікті өзін өзі басқару институтының қалыптасуына ықпал етті. Жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілді. Өткен жылғы сәуір-маусым айларында Шетпе және Құрық ауылдарында аудандық және ауылдық әкімдіктер өкілдерімен ЖӨБ бойынша семинар өткізілді. Осындай басқосу Құрық ауылында мамыр айында да ұымдастырылып, оған селолық округтердің 47 әкімі мен аудандық мәслихаттардың 20 депутаты қатысты және бұл семинарда ауыл әкімдіктерінде тап болатын қиыншылықтар мен кедергілер жан-жақты қарастырылып, талқыланды».
Бұдан кейін баяндамашы ауылдарда өткен жиындарға тоқталды. Оның айтуынша, сол жиындар нәтижесінде 18 жобалық ұсыныс жасалып, екі жаңа ҮЕҰ құрылған. ЖӨБ бойынша бірінші жобаны «Рақым-Шапағат» Қамқоршылық кеңесі» қоғамдық қоры (төрағасы Қыйлымғали Қошанов) 2015 жылы Қарақия ауданының Құрық ауылындағы гимназия мектебінің базасында жүзеге асырды. Құны 11 824150 теңге болған осы жоба аясында мектепке ағынды суды тазартатын құрылғы сатып алынып, орнатылды. Бұған дейін мектептің санитарлық торабы мен асханасы үшін 150-180 текше метр техникалық су пайдаланылып келген. Ал қолданылған су септикке құйылатын. Осы суды айдау үшін аудандық бюджеттен жыл сайын 800000 теңге бөлінетін. Ағынды суды тазартатын құрылғы орнатылғаннан кейін пайдаланылған 5 текше метр су тазартылып, мектеп жылыжайында балалар өсіріп жүрген көкөністер мен талдарды суаруға жіберілетін болды.
Сондай-ақ мектеп аумағында энергия үнемдейтін шамдары бар 25 баған орнатылды. Мұның да тиімділігі мол. Бұрын осы маңды жарықтандыру үшін айына 840 квт электр қуаты жұмсалатын болса, жаңа бағандар орнатылғалы шығындалатын электр қуаты небәрі 330 квт болды. Жоба аясында тындырылған тағы бір іс—мектеп ауласында тамшылатып суарылатын жылыжайдың салынуы. Жылыжайда мектеп ұжымы мен шәкірттер көкөніс өсіріп, балалардың дәрумендермен қоректенуіне мүмкіндік туды, оқушылардың биология, технология сияқты пәндерге қызығушылығы артты.
Жақсыгүл Шахзадақызы аталмыш жоба аясында Ұштаған ауылының көшелерін жарықтандыру, осы ауылда бассейн, субұрқақ салу үшін жасалған және басқа да игі істер жайын әңгімеледі.
Ал Бейнеу ауданында пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша құны 22850000 теңге болатын жоба жүзеге асырылды. Бұл жұмыс нәтижесінде «Бейнеусервис» ЖШС-де пластикалық бөтелкелерді жуып, кептіріп, қайта өңдейтін қондырғы орнатылды. Қондырғыны материалдармен қамтамасыз ету мақсатында Бейнеу ауылында пластикалық бөтелкелер жинайтын арнайы контейнерлер орнатылды. Өндірістік тізбекті жетілдіру және жобаның тұрақтылығы үшін «Бейнеу ауданының азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігі (төрайымы Анар Өсербаева) аудан әкімдігімен бірге пластикалық бөтелкелер жасайтын жабдық сатып алу үшін қосымша қаржы бөлу мәселесін шешу жолдарын қарастыруда. Ауылдың экологиялық жағдайын жақсартуға септігі тиетін қоқыс даласындағы жұмыс ұзартылатын болып, жобаның түпкі мақсаты орындалды.
Биыл жергілікті өзін өзі басқару жөніндегі жоба Түпқараған және Мұнайлы аудандарында да жүзеге асырылуда. Түпқараған ауданында «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық қоры (директоры Наурызбек Мағдатов) мен «Хазрет» жастар қоғамдық қоры (директоры Күрең Медеуова) грантты конкурс жеңімпаздары атанды. «Түпқараған жастары» ЖҚҚ ауданның Қызылөзен ауылында жағажай маңын абаттандыратын болады. Ал «Хазрет» ЖҚҚ Таушық ауылындағы балабақшада жылыжай салады.
Мұнайлы ауданында «Мұнайлы ауданының азаматтық бастамасы» қоғамдық қоғамдық қоры (директоры Райхан Дәрібаева) «Маңғыстау-4 және Батыр ауылдарындағы орта мектептерді ішкі және сыртқы тиімді жарықтандыру және жылыжай салу» жобасын ұтып алды.
Түпқараған және Мұнайлы аудандарында жүзеге асырылатын жобалардың құны 51 миллион теңге. Аталған жобалардың барлығы бюджет қаражатын үнемдеумен қатар оларға тұрғындардың, мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарының тартылуымен маңызды.
Бақосуда «Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жібек Ахметова, «БҰҰ Маңғыстау облысындағы біріккен бағдарламасы» жобасының менеджері Асима Сұлтанова көтерілген мәселеге орай баяндама жасап, ортаға ой тасады. Дөңгелек үстелге қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарымен бөлісті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА