Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың төрағалығымен аймақта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне арналған отырыс өтті.
2017 жылы Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады. Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік сақтандыруды енгізу нәтижесінде, еліміздегі медициналық көмек көрсетудің сапасы артып, дәрігерлердің еңбекақысын арттыру, ауруханаға арнап жоғары сыныпты құрылғылар мен қымбат дәрі-дәрмектерді алу мүмкіндіктері туады.
— Бүгінде 16 еуропалық елде, сондай-ақ, Түркия мен Жапонияда медициналық сақтандыруға ұқсас жүйесі қызмет етеді. Бұл елдердегі медицина саласы қазіргі уақытта өте жоғары деңгейде, халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы жоғары-80-85 жасқа дейін деп тіркелген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігінің басты қағидасы – денсаулық сақтауға мемлекет пен жұмыс берушілер секілді, әр азаматтың өзі де жауапты. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, жұмыс берушілер-жалдамалы жұмысшылар үшін жарна төлейтін болады. Қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады,-деп атап өтті аймақ басшысы Алик Айдарбаев.
Мемлекет кепілдік берілген көлемімен азаматтарға тегін медициналық көмек көрсету бойынша қамсыздандыруын әрі қарай жалғастыра береді. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді. 2020 жылға дейін сақтандырылмаған азаматтарға кепілдік берілген көлемімен тегін медициналық көмек көрсету аясында амбулаторлық дәрілермен қамтамасыз етілген амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады. Сонымен бірге, ерікті сақтандыру қатысушылары медициналық сақтандыру жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмекті алу үшін жеке сақтандыру компанияларымен келісім шартқа отыра алады. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастайды.
Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7%-ын құрайды. Төлем мөлшерлемесі кезең бойынша: 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылы 6%-ға, 2024 жылдан бастап 7%-ға сатылай өсетін болады.
— Сондықтан облыстағы барлық дәрігерлер, медбикелер арнайы даярланады. Олар халықпен кездесу барысында жаңа өзгерістерді түсіндіру тиiс. Содан соң, облыстық штаб аудан ауылдарға шығып,жұмыс берушілермен кездесу керек,-деді облыстык денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр.
Жұмыс берушілер жарнасы төлемінің жалпы көлемі кірістің 5%-ын құрайды. Соның ішінде, аударым 2017 жылы 2%-дан, 2018 жылы 3%-дан, 2019 жылы 4%-дан, 2020 жылы 5%-дан басталатын болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының төлемі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7%-ын құрайтын болады. 2017 жылы – 2%, 2018 жылы – 3%, 2019 жылы – 5%, 2020 жылдан бастап – 7% болады. Жалдамалы жұмысшылардың аударымы 2019 жылдан бастап кірістің 1%-ын, 2020 жылдан бастап 2%-ын құрайтын болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Айта кету керек, әлеуметтік сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі қорға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұруы тиіс.
Жиынды түйіндеген облыс әкімі қалалар мен аудандарда арнайы штаб құру бойынша тапсырма берді. Олар xалыққа түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді қолға алуы керек. Бұл жұмыстарды қадағалау облыс әкiмінің орынбасары Бану Нұрғазиеваға міндеттелді.
Венера МИРЛАН