©
Орталық коммуникациялар қызметі аймақтық алаңында «Маңғыстау өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Елдан Әлібековтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда өңірде мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту мәселесі, орталық алдында тұрған басты міндеттер жайы сөз болды.
«Маңғыстау өңірінің мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы жобалардың құжаттамаларын жасақтаумен, өңірде жүзеге асып жатқан жобаларға отандық және шетелдік инвесторларды тартумен, сондай-ақ жеке әріптестерге кәсіби кеңес беру жұмыстарымен айналысады. Осы мақсатта біз Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы, «ҚазИнвест» АҚ, қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы және барлық жергілікті мемлекеттік органдармен тығыз байланыстамыз. Бүгінгі күнге дейін біздің орталыққа Қытай, Түркия, Германия және Грузия елдерінен инвесторлар хабарласып, өңірлерде іске асырылып жатқан ірі жобаларға өз қызығушылығын білдіруде», — дейді Елдан Әлібеков.
Басқарма төрағасының сөзіне сүйенсек, жыл соңына дейін «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» Заңға және заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Өзгерістер мемлекеттік қолдауды анықтау әдістемелерін енгізу және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік нысандарын жасаудың құнын қалыптастыру тұстарында да орын алады.
«Қазіргі таңда орталықта 11 мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «Маңғышлақ-Баутино» теміржол желілерін салу, «Ұшу-қону алаңы бар Кендірлі әуежайын салу және пайдалану» сынды ірі жобалар бар. Сонымен қатар Мұнайлы ауданында 3 балабақша ғимараты құрылысын аяқтау, өңір мектептерінде жаңа спорт алаңдарын салу жобасы қолға алынды. Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік маңызы зор нысандар құрылысын салу көзделген»,-деп атап өтті басқарма төрағасы.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Серік Майемеров