©
Жұма күні «Арман» жастар орталығында «Жанартау» жастар шығармашылық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда өңірлік ішкі саясат басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Шетелде тұратын отандастармен әлеуметтік және мәдени байланыстарды дамыту жөніндегі іс-шараларды өткізу» жобасын жүзеге асыру барысы мен жай-күйі баяндалды. Қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында «Жанартау» қоғамдық бірлестігі алыс-жақын елдерге сапар шегіп, қазақ диаспорысының өкілдерімен жүздесіп, жат жұрттағы ағайындарымыздың тұрмыс-тірлігі, салт-санасы, әлеуметтік кескін-келбетімен етене танысады. Шетелдегі қазақ жастарының қоғамдағы рөлі мен азаматтық белсенділігін, білім-біліктілігі мен қабілет-қарымын бағамдап, талантты жастардың қазақ жұртына кеңінен танылуына қолдау танытады.
«Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігі 2008 жылдан бері облыс көлемінде дарынды әрі талантты жастармен жұмыс жасап келеді. Қоғамдық бірлестік жастардың шығармашылық қабілетін дамыту, сыни тұрғыдан ойлауға, Отанды сүюге және азаматтық борышын адал атқаруға баулу бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Қазіргі таңда облыс аумағында белсенді үкіметтік емес ұйымдардың қатарында деп нық сеніммен айта аламын. «Жанартау»-дың жаңа жобасы кең ауқымды қамтиды. Жат жұрттағы қазақ жастарымен тұрақты қарым қатынас орнатамыз. Өнерлі жастардың шығармашылық ортада танылуына жол ашуды мақсат тұтамыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесіне орай «Жанартаулық» делегация Ресей, Иран, Өзбекстан мен Түркия елдеріне сапар шегіп, алыстағы ағайынға Қазақстан мемлекетінің осы жылдар аралығында қол жеткізген жетістіктері мен даму келешегі жайлы мағлұматпен бөлісеміз»,-дейді «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Шамшадинова.
Делегация құрамында қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жол-жоралғы, наным-сенімнен білімі мол, тарихи тың деректерге қанық, құлағы түрік, көкірек көзі ашық азаматтар мен ұлттық өнерден кенде емес, қасиетті домбыра құлағында ойнайтын, күміс көмей, жез таңдай өнерпаздар бар. Маңғыстау тумасы, күйші, журналист Мұратбек Кәдірбаев төл өнердің кәусар бұлағына сусап, жан-жайлауы жабырқаған қандас бауырларымыздың көңілін серпілтіп, рухани жан-дүниесін байытуға барын салмақ. Сонымен қатар, қандас бауырларға арнап ғасырлар тасасынан табылған тарихи жәдігерлер мен тарих тылсымынан сыр шертер көнекөз бұйымдар, ескі елеулі дүниелер көрмесін ұйымдастыру жоспарланған екен.
«Мәскеу қаласындағы «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдау «Астана» қоры өкілдерімен кездесу ұйымдастыру көзделген. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған кездесу барысында Ш. Есенов атындағы КМТИУ оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Орынгүл Табылдиева көне Қазақ хандығының қалыптасуы мен Тәуелсіз Қазақстан тарихы турасында сыр шертеді. Елбасының «Бес институтционалды реформасын іске асыру бағытталған «Ұлт Жоспары» стратегиялық құжаты, кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы кеңінен насихатталып, жұртшылыққа таныстырылатын болады»,-деп атап өтті А.Шамшадинова.
«Жат елдегі бауырлармен жүздесіп, тілдесу, тұрмыс қалпы, шаруашылық жайымен танысу мен үшін зор тәжірибе. Туған ел тарихы, елдегі жағдай мен қоғамдық-саяси жүйедегі өзгерістер жайлы біліп-ұғынғысы келетіндер, қызығушылық танытатындар көп деп ойлаймын. Қазақ ортақ әңгіме, пікір жетерлік. Сондықтан бұл жоба мен үшін өте маңызды әрі қызық»,-дейді Орынгүл Табылдиева.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Талант Құсайын