Ел Президентінің 1 қыркүйек күні жариялаған Жолдауы өңірде талқыланып, үн қосылуда. Бүгін “Достық үйінде” өңірдегі этно-мәдени бірлестік өкілдері мен жастар, ассамблея мүшелері ел Президентінің Жолдауын талқылады деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Дағыстан этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Юсуф Шахшаевтың айтуынша, Жолдау енді жүйелі түрде іске асуы қажет.
-Кеше Жолдауды Маңғыстаудағы шешен және ингуш этнобірлестік төрағасы Руслан Баматгереевпен бірге отырып тыңдап, талқыладық. Жолдауды бірге тыңдап, талқылау – ол Маңғыстаудағы этнобірлестік өкілдері арасында дәстүрге айналған үрдіс. Бұл жолғы жолдауда, әсіресе адам факторы, оның әлеуметтік жағдайы дегенге аса мән берілген. Балалар мен жасөспірімдерге ерекше мән беріліп отыр. Балалар қорын құра отырып, оған қаржы жағын аудару жақсы қарастырылған. Еліміздің байлығынан белгілі бір мөлшерде сол қорға құйылып отыру керек дегенін мен қолдаймын. Себебі, мектеп бітірген жасөспірімдер ары қарай өмірін нық қадаммен жасай алады. Денсаулық саласы бойынша да тың қадамдар болмақ, - деді этнобірлестік төрағасы.
Ал, “Шалом” еврей этно-мәдени бірлестігін бірнеше жыл басқарған Юрий Кержбаумның айтуынша, Жолдауда айтылғанды тек қана ұран ғып айтпай, іске асырылуына құзыреті бар барлық адам араласуы қажет.
-Халық дегеніміз өте күрделі механизм екені белгілі. Оның ішінде, зиялы қауым да, билік өкілдері мен түрлі сала өкілдері де, қарапайым адамдар да бар. Жолдауда барлық сала өкілі қамтылды. Енді, сол айтылған дүние жерде қалмай, шын іске асса деген үмітіміз бар, - дейді Ю.Кержбаум.