Маңғыстау облысының әкімдігі және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» акционерлік қоғамы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Келісім-шарттың мақсаты - өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту және бизнес өкілдеріне ыңғайлы жағдай жасау.
Меморандумға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров, «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ Басқарма Төрағасы Гүлфайруз Ахметова мен өңірлік филиал басшысы Гүлнар Исенғалиева қатысты.
Шара барысында өңірдің потенциалы мен болашаққа жоспарланған бағдарламалар, банктің заманауи тұтынушыларға арнап жасалған ыңғайлы жобалары талқыланды.
Гүлфайруз Ахметова «Фридом Финанс» Банкі филиалының Маңғыстауда қыркүйекте ресми ашылатынын және Ақтау қаласының тұрғындарына тек онлайн түрде емес, оффлайн форматта да қызмет көрсете алатынын атап өтті.
⁃ Осындай екі жақты маңызы бар меморандумға қол қойғанымызға қуаныштымын. Алдағы уақытта бірлескен жобалар көп болады деген сенімдемін. Маңғыстау облысы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі, халық саны күн санап артуда. Өндіріс көлемі мен құрылыс қарқыны өте жақсы. Сонымен қатар, туризм саласының потенциалы жоғары. Осындай кезеңде сіздермен серіктестікке отырып, біріге жұмыс жасау мүмкіндігі туғанына қуаныштымын, - деді Бекбол Орынбасаров.