Жаңаөзенде наразылық толқынын туғызған даулы мәселе облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Кеше Жаңаөзенге жол тартқан өңір басшысы наразы топ өкілдерімен жүздесіп, талап-тілектері мен арыз-шағымдарына құлақ түрді. Түйіткілді мәселе түйінін тарқатуда алты сағаттан астам уақытты сарп етіп сан түрлі талапты талқылап, сарапқа салып, байыппен бағамдаған өңір басшысы қос тарапты бір тоқтамға шақырды. «Бұрғылау» мекемесі басшылығы мен еңбеккерлері келелі келіссөз нәтижесінде бір мәмілеге келуге бел буды. Кәсіпорын ішкі құрылымына сәйкес бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесін енгізу, 2014 және 2016 жылдары аралығындағы қызметкерлердің ынталандыру бонустарын өтеу, толық жұмыс күні үшін еңбекақы төлеу, былтырғы еңбек демалысын беру тәртібіне толық тексеріс жүргізу және 2014 жылдан бергі шегемдеу цехы жұмысшылары жалақысын қайта есептеу сынды талаптар толықтай қанағаттандырылып, тиісті хаттама жасақталды. Хаттамаға өңір басшысымен қоса қызметкерлер қолы қойылып, заңнамаға сәйкес бекітілді. Сәкен Бекқалиев «ұрлық жасағаны үшін» қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, оған қатысты бір жарым жыл жазасын шартты түрде өтеу түріндегі сот үкімі жойылды. Сонымен қоса С.Бекқалиев кәсіподақ төрағасы ретінде тағайындалып, хаттамамен бекітілген талаптардың орындалу барысын бақылайтын арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Жұмыс комиссиясы құрамына жеті жұмысшы топ өкілдері кіретін болады.
«Астана қаласында өзекті мәселеге орай бірқатар Министрлік және Үкімет өкілдерімен кездестім. «Бұрғылау» кәсіпорнына қатысты бұл жағдай бұдан екі жыл бұрын бой көтерді. Содан беріде кәсіпорындағы өндіріс көлемінің қысқаруын болдырмау үшін жан-жақты жұмыстар атқарып жатырмыз. Келіссөз нәтижесінде тапсырыс беруші «Өзенмұнайгаз» АҚ тарапынан сервистік қызмет көрсетуші «Бұрғылау» ЖШС-не өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында 34 ұңғыма беріледі. Жыл соңына дейін 6 млрд. теңгеге жуық қаражат мөлшерінде ауқымды жұмыс көлемі тапсырылды. Сонымен қоса «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ мен «Бұрғылау» кәсіпорны арасындағы қызмет көрсету тарифін көтеру бойынша мәселе қаралып жатыр»,-дейді өңір басшысы А.Айдарбаев.
Дау-дамайды бейбіт жолмен реттеген жұмысшы топ тып-тыныш тарқасты. Төрт тәулікке созылған ереуіл толқуы толастағанына халық дән риза. Жан-жақтан «қуанышты күндерде кездесейік» деген жылы лебіздер айтылып жатты.
«Жұмысшылар қалыпты жағдайда жұмысқа шығады. Екі тарап бітімгершілікке келді. Қойылған талаптарымыз толықтай орындалады деген уәде беріледі. Жұмыс тобы арқылы мәселелер өз шешімін табады»,-деді С.Бекқалиев
Голрох Жеменей Суретті түсірген Айгүл ДӘДЕН