ХХ ғасырда белгіленген жаңа мерекелердің бірі—қарттар күні. Қарияларға ерекше қамқорлық жасалып, көбірек назар аударылатын бұл атаулы күн алдымен Еуропаның Скандинавия елдерінде, содан кейін, Америкада, ал 1980 жылдардың басынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді. Дегенмен, Халықаралық қарттар күнін БҰҰ Бас Ассамблеясы 1990 жылы жариялады. Сол кезде «Қарт адамдар мәселесі туралы» Жоғарғы Кеңес Президиумының арнайы қаулысы қабылданып, онда Біріккен Ұлттар Ұйымы ұсыныстарының маңыздылығы негізінде 1-қазан қарттар күні ретінде ресми жарияланды. Ондағы мақсат—қарт адамдар мәселесіне қоғам назарын аудару, қарт адамдардың жеке және әлеуметтік қажеттіліктерін, қоғамның дамуына олардың қосқан үлесі, егде жастағы адамдарға көзқарасты өзгерту қажеттігі туралы, қоғамның демографиялық қартаю проблемасына қоғамның хабардарлығын арттыру, қарт адамдардың қоғамның әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани өміріне араласуына, тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, қажетті күтім, өздерінің ішкі қуаттарын іске асыруына жағдай жасау және олардың қадір-қасиетін арттыру.
Осынау атаулы күн аясында «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалы Ақтаудағы «Колобино» кафесінде арнайы ата-әжелерге арнап күзгі бал ұйымдастырды.
Арнайы дайындалған ақ дастархан басына жиналған қарияларды партия филиалының бірінші хатшысы Роза Махамбетова құттықтап, игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ қарияларды Қазақстан Коммунистік Халық партиясының мүшесі Алеся Остапенко, партияның Ақтау қалалық филиалының өкілі Дина Какимова құттықтады.
-Егде адамдар жасы ұлғайып, кәріліктен әлсіз болған адамдардың санатында болғанымен, олардың өміршеңдігіне, өмірлік қуаттарына қызығамыз кейде,-дейді Роза Қарымсаққызы.-Ата-әжелеріміздің көпшілігі әлі де қажыр-қайратты деуге болады. Сондықтан, Қазақстан Коммунистік халық партиясы зейнеткерлердің басын біріктіріп, жастық рухын қолдап, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлауды дұрыс көрді.
Мереке әсеріне бөленген аталар мен әжелер жас шағында шырқаған әндерін орындап, би биледі, алыста қалған жас дәуренді еске алды. Коммунистер қариялардың түрлі ойындар ойнап, өзара жарысқа түсуіне де жағдай жасады. Ал шара соңында барлық қарттарға есте қаларлықтай бағалы сыйлық берілді. Бірін бірі көріп, қауқылдасып, сырласып, көңіл көтерген қариялар өздеріне жас кездерінен таныс коммунистік партиясы тарапынан жасалған қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА