Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының «Маңғыстау кәсіпкерлігінің апталығы» шеңберінде қалалық «Меценат» байқауы өткізілді. Осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған шараның көздегені – Ақтаудың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуда компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің қайырымдылық жасап, демеушілік көрсетуде белсенді болуларына ықпал ету.
«Нұрплаза» қонақ үйінің әсем безендірілген залында өткен шараға кәсіпкерлер мен кәсіпорындар басшылары, мемлекеттік мекемелер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қоғамның әл-ауқаты неғұрлым жоғары болған сайын, ол мұқтаждар, соның ішінде науқас балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге соғұрлым көп көмектеседі. Қазақстанның балалары ата-анасы бола тұрып, балалар үйінде тәрбиеленбейтіндей, ал, балалары бар ата-аналар қарттар үйіне түспейтіндей жағдай жасау маңызды. Осының барлығы үшін қоғам мен мемлекет бірлесіп жұмыс істеуі керек» деп, қоғамның әлсіз тобына қайырымдылық көрсетіп, қамқорлық жасауға шақырып келеді. Жылдың үздік меценатын анықтауға арналған шараның мақсаты да кәсіпкерлер мен кәсіпорындар басшыларын ізгі істерге үндеу.
Биыл осымен 4 рет ұйымдастырылып отырған байқауға 17 үміткер қатысты. Олардың барлығы да қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер мен кәсіпорындар. Арнайы құрылған комиссия үздіктерді анықтап, жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттаудамыз,-дейді кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы «Маңғыстау» филиалының директоры А. Исмаил. Байқаудағы бес аталымның бірі «Әлемнің тәжі» деп аталды. Бұл атақ түрлі салаларда қайырымдылық көрсетіп және дәстүрді нығайтуға белсенді қатысып жүрген азаматтарға беріледі. Биыл бұл марапатқа облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі лайық деп танылды.
Біздің кеңестің құрамында 23 іскер әйел бар. Олар өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып, білім, медицина, кәсіпкерлік салаларында тер төгіп нәзік жандар. «Қыздың қырық жаны бар» дегендей, кәсіптерін дөңгелетіп, қызметтерін табысты атқарған олар қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Мүгедектер мен қарттарға қолдан келгенше көмек беруге тырысамыз. Игілікті істі атақ үшін емес, шын жүрегімізден жасаймыз,-дейді «Әлемнің тәжі» аталымының иегері, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы С.Салихова. «Меценат-2016» байқауының келесі аталымы «Рухани даму» мәдениеттің құрылуына, рухани мінез-құлық тәрбие үрдісіне қолдау көрсетіп жүргендерге арналған. Бұл марапатқа облыстың құрылыс саласында тер төгіп жүрген Мұсабаев Самат Базарбайұлы лайық деп танылды. Ақтаудың әлеуметтік мекемелерімен ынтымақтастықты жүзеге асырып, қаланың өркендеуіне үлес қосып жүрген «Ақтау+ НШ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Әлеуметтік әріптес» аталымын жеңіп алды. Адамдарға жақсылық жасау, әлсізге қолдау көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. «Қайырымдылық» аталымы – әлеуметтік жағынан қорғалмаған тұрғындарға көмек көрсетіп, рақымдылық жасағандарға беріледі. Бұл мәртебелі атақты «CentrAsiaTrade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иемденді. Өлке спортының дамуына қолдау көрсетіп жүрген «Альянс LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Спорт меценаты» аталымын жеңіп алды. Серіктестік құрылыс саласында тер төгіп, өңірімізде білім ордалары мен балабақшалар салуда.
Жеңімпаз атанамыз деп күткен жоқ едік. Өте қуаныштымыз! Халықтың тұрмысын жақсарту бағытында еңбек ете беретін боламыз,-дейді «Альянс LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Т.Қонақбаев. Ел болашағы –жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп жүрген Жігерхан Сүлейменов «Болашақ қамы» аталымына ие болды.
Анар Шамшадинова Суреттерді түсірген Серік Майемеров