© фото интернеттен алынды
Ақпан айының соңында шаруалар жаңбырды көктен емес, көптен тілеп, қаржы жинауға кіріскен еді. Көп түкірсе, көл болатынын білген жұрт аз уақыттың ішінде 45 млн теңгені жинап үлгерді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жыңғылды ауылының тұрғыны Әділбек Сағындықовтың айтуынша, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер жиған қаржыны «Грант Қазақстан» қорына аударған. Десе де бұл қаржы үш айлық жобаның құнын өтеуге жетпейді.
Дегенмен 6 наурыздан бастап «Central Asian Center of Climate Change Technologies» ЖШС мекемесі өз жұмысын бастады.
«Біз әкімдік пен тапсырыс беруші «Грант Қазақстан» қорына хат жолдап, жұмыстың басталғанын айттық. Алғашқы қондырғыны іске қостық. Бүгін тағы 5 қондырғы іске қосылады. Былтыр генератор Таушық, Сайын, Телман, Құрық, Жетібай, Шетпеге орнатылған еді. Аймақтар еш өзгерген жоқ», - деді жауапты мекеменің өкілі Алтай Айнабек.
Ал 10 күн ішінде Бейнеу ауданына тағы 2 қондырғы орнатуды жоспарлап отыр. Алтай Айнабектің айтуынша, әзірге нақты қай ауыл екені белгісіз. Мамандар алдымен Бейнеуге барып, ыңғайлы жерді көріп келеді. Содан соң орнатылады.
Жасанды жаңбырдың үш айлық құны – 650 мың доллар. Компания тарапынан 400 мың доллардан аса қаржы жұмсалған.
«Ал маңғыстаулық шаруалар оперативті шығындарға 100 мың доллар жинап береміз деді. Қазіргі таңда қаржының көп бөлігін аударып қойды. Тағы да 150 мың доллардан үш айға инвестиция болады», - деді «Central Asian Center of Climate Change Technologies» ЖШС өкілі Алтай Айнабек.
Енді осы күннен бастап 90 күндік есеп жүреді. Бұл жолы жауапты компания өкілдері жаңбырды жаудыратынына сенімді. Тіпті, 2 апта ішінде берілетін нәтиже өз уақытынан бұрын болатынын тілге тиек етті.
Сонымен қатар ол доллар бағамының шарықтауы компания жұмысына әсер етпейтінін жеткізді. Себебі компанияның бас ғимараты БАӘ орналасқан, бұл ретте Қазақстандағы экономика айтарлықтай рөл ойнамайды.
Жә, жерге тамшы түсер. Дегенмен кей тұрғындар үш ай ішінде жауған жаңбыр Маңғыстаудың қураған даласына алдамшы жұтым ғана болмаса, көгертіп, шөлін қандыруға күші жете қоймайтынын алға тартады. Ал жаңбыр жауып, межеден асса, жобаның әрі қарай жалғасуына кім кепіл болмақ?
Жұлдызай ҚАЛИЕВА