Бейнеу аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінде өтке лапараскопиялық әдіспен ота жасалды. Отаны хирург Асқар Нұрбергенов, Нұрболат Сүлейменов және жоғары санатты реаниматолог дәрігер Мұхтар Жандаулетов жасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқастың отадан кейінгі денсаулығы бақылауда. Дәрігерлердің айтуынша жағдайы жақсы.
Лапароскопиялық хирургия – науқастың ішкі ағзасына ота жасау үшін тілік жасамай емдейтін хирургияның жаңа әдісітерінің бірі. Бұл тәсілмен ота жасалған емделуші екі-үш күн ішінде аяққа тұрып кете алады. Бұл тәсілмен бүйрек, бауыр ауруларының көптеген түрін емдеу жоспарлануда. Бейнеулік тұрғынға лапараскопиялық әдіспен өтке жасалған ота сәтті өтті, - деді Бейнеу аудандық орталық ауруханасының директоры Берік Абдуллаев.
Дәрігерлер, аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп, түрлі деңгейдегі күрделі оталарды жасау үшін біліктіліктерін арттырып, үнемі тәжірибе алмасады. Аурухананың материалдық техникалық базасының нығаюына байланысты аудан халқы сапалы емді осы ауруханадан қабылдай алады.