Ақтауда №3 өндірістік аймақтағы қоқыс өртінің салдарынан ауа біршама ластанды. Маңғыстау облыстық экология департаментінің мәлімдеуінше, ауадағы көмірсутегінің мөлшері 18 есе ұлғайған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сонымен қоса, департаментте өртенген қоқыс ашық алаңға заңсыз төгілгенін атап өтті. Ал соңғы екі жарты жылдықта өңірде мұндай 98 заңсыз қоқыс алаңы анықталған. Бүгінде соның 38-ін жойып үлгерген.
Қазіргі таңда заңсыз қоқыс алаңдарына қатысты қандай шара қолдану жөнінде әкімдікпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Ал кеше өртенген аймақ маңындағы тұрғындар белгісіз адамдардың қоқысты көлікпен төгіп кететінін айтып отыр. Әзірге кімнің жауапқа тартылатыны белгісіз, - деді Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сағадат Хансейітов.
Өрт тоқтағанымен кейбір жерлерде жекелеген ошақтары әлі бықсып жатыр.
Еске сала кетейік, өрт кеше №3 өндірістік аймақтағы ашық алаңда жиналған қоқыстан шыққан еді. Сағат 15.45-те қоқыстың жанып жатқаны хабарланған еді, ал қалалық әкімдік өрттің таңғы сағат 05.05-те толығымен сөндірілгенін мәлімдеді.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын