Заңнамалар талабы бойынша, көшелерде, алаңдарда, саябақтарда, темір жол мен автокөлік жолдарына тиесілі аймақтарда және басқа да қоғамдық орындарда жануарларды жаюға, сондай-ақ, қараусыз жіберуге тыйым салынады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жануарлар жергілікті атқарушы органдармен белгіленген жайылымдық жер телімдерінде жайылуы тиіс. Жануарларды жайғанда және айдап өткенде тұрғындардың қауіпсіздігіне жануарлардың иесі жауапты болады.
Соңғы жылдарда облыс аумағында асфальт төселіп, соған сәйкес, жылдамдықты асыратын автокөліктің де саны артты. Соның салдарынан автокөлік жолдары мен теміржол бойында көліктердің жануарларды соғуынан адам өлімі мен мал шығыны болып отыр.
Бұл мәселеде малды қараусыз қалдырған иелердің салғырттығын да алға тартуға болады. Қараусыз жүрген мал ұрының оңай олжасына айналады, автокөлікпен соқтығысады немесе пойыздың астына түседі.
Осы мәселе бойынша облыс әкімдігі және облыстық ішкі істер департаменті соңғы екі жылда көптеген іс-шара жүргізді. Қараусыз қалған малдың салдарынан туындайтын автокөлік апаттарын болдырмау мақсатында ірі малдарға жарық шағылыстырғыш жолақ тағу немесе жарық шағылыстырғыш бояулармен белгілер салуды ұсынды. Құзырлы орган мамандары көптеген ауылға барып, мал иелеріне түсіндіру жұмысы жүргізілді. Алайда, қазіргі таңда күткен нәтиже орындалмады. Өйткені, мал иелерінің басым көпшілігі малына жарық шағылыстырғыш лента байлауға құлықсыз болып отыр.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2019 жылы қараусыз қалған мал салдарынан 111 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 адам қаза болды, 10 адам дене жарақатын алды. Ал бұл көрсеткіш 2020 жылы одан да жоғарылаған.