Мұнайлы ауданында “Бизнес Бастау” мемлекеттік жас кәсіпкерлерді қолдау жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан Мұнайлыда 55 тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болған. 583 000 теңге қаржылай қолдау алған жас кәсіпкердің бірі - Назира Қалжанова.
Алғашында әуесқой тігіншілікпен айналысқан ол жоба аясында 1 айлық оқу курсынан өткен. Артынша конкурста қолынан шыққан бұйымдарын көрсетіп, қайтарымсыз грант иегері атанған.
Қаражатқа өзіме керек тіке сызықты тігін машинасын, қажетті үтік, құрал-жабдық алдым. Қазір жеке, шағын тігін шеберханамды аштым. Біреуге бұл қарапайым кәсіп шығар. Бірақ мен осы тігіннің арқасында әкесіз қалған 6 баламды асырап отырмын”, - деді Назира Қалжанова.
Назираның қолы шебер, тігісі жатық. Оның қолынан шыққан бұйымға тапсырыс берушілердің үнемі көңілі тоқ. Моншақталған орамалдан қазақы көрпе-жастыққа дейін тігетін жас кәсіпкер айына орта есеппен отыздан астам бұйым тігеді. Кейде тапсырыс күрт артып, бос уақыты болмайтынын айтады.