©
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының қызметкерлері және мектепалды даярлық топ мұғалімдеріне арналған «Білімді ел – мәңгі ел» тақырыбындағы облыстық тамыз педагогикалық кеңесі Маңғыстау-5 ауылындағы №9 «Бәйтерек» балабақшасында өтті.
Аталған шараға Маңғыстау облысының білім басқармасының, облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығы қызметкерлерімен қатар аудан, қалалардан барлығы 80 педагог, әдіскерлер қатысты. Олар алдымен «балабақшадағы «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының бағыты» тақырыбында ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Одан кейін секция жетекшісі әрі облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының директоры Айгүл Тоқбаеваға сөз тізгіні берілді.
─ Жыл сайын дәстүрлі түрде білім беру қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесі өткізіліп тұрады. Бүгінгі шара да 2016-2017 оқу жылына арналған тамыз педагогикалық кеңесінің секциялық отырысы. Бұл отырыс мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері мен мектепалды даярлық топ мұғалімдеріне арналған. Биылғы тамыз кеңесі «білімді ел – мәңгілік ел» тақырыбында өткізілуде. Себебі, өзімізге белгілі, жалпы ұлттық идеямыз «Мәңгілік ел» аясында қазір көптеген шаралар өткізіліп жатыр. Білім беру саласында да біршама өзгерістер бар. Соның бірі, жаңа оқу бағдарламаларының бекітілуі. Алдағы оқу жылын мектепке дейінгі ұйымдар және мектепалды топ мұғалімдері, министрліктен бекітілген жаңа оқу бағдарламаларымен бастайтын болады. Бүгінгі секциялық отырыста мектепке дейінгі білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер, оны жұмыс барысында қолдану, жаңа инновациялық технологияларды енгізу, білім мазмұнын жаңарту бойынша алдағы оқу жылында жасалатын жұмыстар қаралады, - деп атап өтті Айгүл Бүркітбайқызы.
Отырыс барысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістері кафедрасының аға оқытушысы А.Жұмабаева «Балабақша бүлдіршіндері – «Мәңгілік ел» ертеңі», А. Тоқбаева «ҚР-да білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесінің мазмұнын жаңарту», Мұнайлы аудандық білім үйлестіру орталығының әдіскері Т.Сәрсенбаева «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінде мемлекеттік – жеке серіктестікті дамыту», Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының мектепке дейінгі ұйымның сектор меңгерушісі Б.Ердаулетова «Мектепке дейінгі білім беру ұйымы басшысының инновациялық портфелі: балаларды ерте дамытуға бағдарлау», Түпқараған ауданы «Жауқазын» балабақшасының директоры М.Шырақбай «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің мазмұнын жаңарту жағдайында мектепке дейінгі білім беру ұйымы басшысының менеджменті», Ақтау қаласы №46 «Балбұлақ» балабақшасының әдіскері Е.Шабалдас «Развитие социального партнерства педагогов и родителей в современных условиях дошкольного образования», Жаңаөзен қаласы №16 бастауыш мектептің мектепалды даярлық сыныбының мұғалімі Ш.Ағаниязова «Взаимодействие семьи и школы в формировании толерантной и поликультурной личности в условиях предшкольного образования», Мұнайлы ауданы №10 «Ақбота» балабақшасының әдіскері Р.Текеева «Мектепалды білім беру мазмұнын жаңарту аясында педагогтың кәсіби қалыптасу моделі», Жаңаөзен қаласы №19 орта мектептің мектепалды даярлық сыныбының мұғалімі Г.Джаугаштиева «Орта білімді жаңарту жағдайында мектепке дейінгі дайындық сыныптарындағы білім беру үдерісін жобалау» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, облыстық байқауларға қатысып топ жарған, жылдың ең үздігі танылған 8 балабақшаның, ең үздік 5 шағын орталықтың директорлары және 9 педагог арнайы диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Солардың бірі облыстық «Үздік педагог-2016» байқауының бас жүлдесін иемденген жаңаөзендік Жолан Абиева. 28 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санатты маман.
─ Мен Жаңаөзен қаласындағы №1 «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісімін.
Ең алдымен Жаңаөзен қалалық байқауына қатысып, бірінші орынды иемдендім. Одан кейінгі облыстық байқауда кәсіптік шеберлігім ерекшеленіп, бас жүлдеге лайық деп танылдым. Жеңімпаз ретінде сұйық кристалды теледидар берілді. Шығармашылық жұмыстарым енді республикалық «Үздік педагог-2016» байқауына жіберілді. Оның қорытындысы мұғалімдер мерекесі қарсаңында белгілі болады. Ары қарай да еңбегімді ұштаймын. Саналы ұрпақ тәрбиелеуге тырысамын, -дейді Жолан Дүйсенбекқызы.