Маңғыстау облысында малмен ғана күнелтіп отырған Қызан мен Ақшымырау ауылынының тұрғындарына қуаңшылықтың кесірі қатты тиіп отыр. Өткен аптада ауыл шаруашылығы министрлігі 204 миллион теңге бөліп, жем-шөп жеткіземіз деген еді. Алайда облыс орталығынан шалғай жатқан бұл ауылдарға жем-шөпті алдыру мұң болып отыр.
Малымды аман алып қалам деп басы-көзіне қарамай, зейнетақысын, ақшасын жем-шөпке салып, күнелтіс жасап жатыр. Малдар далада өліп жатыр, - дейді Қызан ауылының тұрғыны Әлімбай Аманов.
72 жылдан бері мынадай қуаңшылықты бірінші рет көріп тұрмын. Жұтты көргеніміз жоқ еді. Қуаңшылық, жоқшылық бәрі қат-қабат болып тұр ғой. Бәрі жақсы болар, күн де жауар. Сол күн жауғанша жем-шөпті арзандату керек, - дейді Қызан ауылының тұрғыны Балатөре Алтыбаев.
Өткен жұмада Ауыл шаруашылығы министрлігі 204 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтқан еді. Сол қаражат есебінен Маңғыстау, Түпқараған, Мұнайлы, Қарақия ауданы мен Жаңаөзен қаласының әр қайсысына 130 тонна арпа жеткізілген. Ал ауыл әкімі облыс әкімдігінен бөлінген қаражат есебіне алынатын шөп пен жемді жеткізу үшін сұраныс жіберіп қойғанын айтады. Жем, шөпті тасымалдаумен айналысып жатқан өңірдегі «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тауарды тек аудан орталықтарына жеткізіп отыр. Алайда аудан орталығынан 110 шақырым жерде орналасқан Қызан, Ақшымырау ауылының тұрғындарына оны тасу қиын.
Малдың күйі нашар. Қазір ең бастысы мал азығы болып тұр. Қазіргі уақытта шөпті әкелу жөнінде сұранысымызды жіберіп қойдық, - деді Қызан ауылының әкімі Қонай Сүлейменов.
Қазіргі есеп бойынша Қызан ауылында 5500 жылқы, 2700 түйе, 13 мың қой мен ешкі бар. Енді қалған малды сақтап қалу үшін шалғайдағы шаруалар үкіметтен қолжетімді бағада жем мен шөпті ауылға дейін тасымалдауды ұйымдастыруын сұрайды.
Махаббат Нұржанқызы