Маңғыстау облысындағы мал азығының жетімсіздігі - бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі. Бүгінгі таңда облыс аумағында 2450 шаруа қожалықтары өз кәсібін жүргізіп отыр. Оның ішінде 160-ы егін, ал өзгесі мал шаруашылығымен айналысады. Соңғы төрт айдағы статистикаға сенім артсақ, 850 мың мал басы бар, оның 29 мыңы ірі қара, 85 мыңы түйе, 123 мыңы жылқы, 613 мыңы қой-ешкі. Мал шаруашылығын дамыту, соның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидияландыруға жыл сайын қомақты қаржы бюджет қазынасынан бөлінеді. Төмен пайыздық мөлшерлемемен несиелендіру аясында әл-ауқатын көтеріп алған қожалықтар да жетерлік. Биылғы 5 ай ішінде олардың 30 пайызы мемлекет қолдауына ие болған екен. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы С.Қалдығұл Маңғыстау өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Жем, шөп құны қанша болмақ?
«Жауын-шашынның жетімсіздігі биылғы қуаңшылыққа сеп болып отыр. Жайылымдарды, шаруа қожалықтарын, ауыл-аймақты жеке аралап, мәселемен жете таныстық. Әзірше облыс бюджетінен осы мәселені шешуге 204 млн. теңге қаржы бөлінді. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-мен 54 млн. теңгеге келісімшарт жасалып, 10 вагонға тиелген 620 тонна арпа облысқа жөнелтілді. Тауар маусым айының 15-не дейін өңір аумағына енеді. Тасымал шығынын қоса есептегенде арпа келісі 85-87 теңгеге бағаланады. Сонымен қоса құны 150 млн. теңгені құрайтын Ақтөбе облысы мен «Каспий» ӘКК» АҚ-ның келісімі нәтижесінде жем-шөп өңгерген жүк көліктері бері жол тартады. Биылғы шабындық Ақтөбеде 10 маусымнан бастау алады. Жеке кәсіпкерлер маусымның 15-нен бастап жем-шөпті жеткізуге әзір екендіктерін жеткізді. Сонымен қоса Маңғыстау мен Ақтөбе облысы әкімдері қол қойған екіжақты меморандум аясында, атап айтар болсақ Маңғыстау мен Қобда, Бейнеу мен Байғанин, Түпқараған мен Темір, Мұнайлы мен Алға және Қарақия мен Мұғалжар аудандары арасында өзара келіссөздер жүргізілді. Мән-маңызы зор келісім нәтижесінде осы айдың соңына дейін біздің өңірге шөп жеткізілмек. Бір келі шөп бағасы 53-55 теңгені құраса, ал 300 келілік шөп орамы 16 мың теңгеден, 20 келісі 1800 теңгеден аспауы тиіс»,- деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.
Қазіргі таңда облыстық басқарма тарапынан тиісті Министрлікке жемшөпті тасымалдау шығынын субсидиялау туралы ұсыныс жолданған.
«Ақтөбеден келетін бір вагонның құны 500 мың теңгені құрайды. Ең болмағанда елу пайызын субсидияласа деген ұсынысымыз бар. Қазіргі таңда кәсіпкерлер жеткізіп жатырған шөп былтырғы шабындықтан қалған. Қазір сатылып жатырған шөп келісі 75-80 теңге»,- деп атап өтті басқарма басшысы.
Шығын салдары анықталды
«Қыстан көтерем шығып, ғылыми тілмен айтқанда ауқаттық дистрофияға ұшырап, сондай-ақ қараусыз, күтусіз, уақытылы жемдеусіз малдардың шығын болған фактілер бар. Аудандық ветеринарлық стансалардың және ауыл шаруашылық бөлімдері мамандарынан құрылған топтың тексеру нәтижесі бойынша 1128 бас мал өлексесі анықталып отыр. Мал иелерінің өздері де мойындап отыр. Малдың қырылуына аштық себеп болған. Қазіргі таңда аудандар бойынша өлекселерді жинау және жою жұмыстары жүргізілуде. Шығындалған мал иелерінің көбісі анықталмай отыр. Себебі малым өлді деп мәлімдеме жасап, тіркеліп жатырған адамдар жоқ. Маңғыстаудың мал бағу және жайылым дәстүрі өзге өңірлерден ерекше. Жайылым биыл ғана емес қай жылдан бері жұтаң. Жайқалып тұрған көк желек жоқ. Қырылған малдың басым бөлігі, 70 пайызы жылқы түлігі. Ветеринариялық тұрғыдан алғанда бұл жайтқа аштықтан өзге қандай да бір жұқпалы аурулардың себеп болуы мүмкін еместігін мәлімдегім келеді», - дейді Маңғыстау облыстық ветеринариялық басқармасының басшысы Шамғали Хамиев.
Мал өлекселелері жойылады
«Біздің басқарма тарапынан ең алдымен мал өлексесінің әсерінен тарауы мүмкін жұқпалы инфекцияларды жою үшін әр ауданнан арнайы мал қорымын жасақтау бақыланады. 540 бас жылқы өлексесі табылды. Жалпы халыққа айтар басты дүние, әр шаруа өз иелігіндегі төрт түлікті ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына тіркеуі тиістігін ескерсе деймін. Ережеге сәйкес төрт түліктің төлі туғанынан жеті күн ішінде деректер жүйесіне енгізу қажет. Мал өлексесін зертханалық талдау нәтижесінде ешқандай жұқпалы инфекция анықталған жоқ», - деп мәлімдеді ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің МО аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.
Мәселе жүйелі шешіледі
Маңғыстаудың мал шаруашылығы саласында мұндай мәселенің орын алуына кінәлілерді анықтау бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде біршама талқылауды тудырғаны рас. Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысуымен өткен өңірлік кеңес отырысында облыстың табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, алдын-ала қамданбаған тиісті басқарма тарапына біқатар сын-пікірлер айтылған еді.
«Шаруа қожалықтары ең алдымен жеке меншік сектор. Жеке кәсіпкер - мал иесі өз малының жем-шөбін, азығын алдын ала даярлап, қамдануы тиіс. Біздің өлкенің климаты, жер жайы таңсық емес. Жауын жаумаса қуаңшылық болары белгілі. Үкімет қолдауы бар. Десек те кәсіпкер өз кәсібінің ілгерлеуіне көңіл бөліп, қаржы құйып, алдын-ала жоспар жасақтауы қажет, әрине. Біздің облыстың табиғи ерекшелігін ескере отырып, ғылыми негіздемелерге сүйене ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасын құруды көздеп отырмыз. Облыста 16,5 млн. гектар жер бар, 4,5 млн. гектар жер ғана игілігімізге жарап отыр. Жайылымдықтар жоқтың қасы. Осы мәселені жүйелі шешуді қолға аламыз», - деп атап өтті С.Қалдығұл.
Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген Талант Құсайын