Бүгінгі аппараттық жиында мектеп жетіспеушілігі мен құрылысын жүргізу мәселесі талқыланды. Биыл жаңа оқу жылында Маңғыстау облысында 4 мектеп пайдалануға беріледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
1. Ақтаудағы 34 ш/а мектеп;
2. Шығыс-1 ш/а мектеп;
3. Мұнайлы ауданында жекеменшік мектебі;
4. Мұнайлы ауданында “Білімді ел” жекеменшік мектебі.
Жалпы «Нұр Отан» партиясының 2025 жылға дейігі сайлауалды бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында 26 мектептің құрылысы жоспарланған. Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Шабай Тәжіғараевтың айтуынша, 2021 жылы – 4 мектеп; 2022 жылы – 7 мектеп; 2023, 2024, 2025 жылдары – 5 мектептен салынады.
Облыс әкімі басқарма басшысына әр шағынаудан құрылысын бастағанда мектеп құрылысын бірге жоспарлауды тапсырды. “Халыққа ыңғайлы болуы үшін әр шағынауданда білім ордасы болуы тиіс. Осыны жіті қадағалаңыздар. Жауапты боласыздар”, деді өңір басшысы.
Облыстық білім басқармасының басшысы С.Түлебаеваның айтуынша биыл пайдалануға берілетін 34 шағынаудандағы №19 және Шығыс-1 шағынауданындағы №25 мектептер кадрлармен толық қамтылатын болады. Бүгінде білім басқармасына мұғалімдерден барлығы 395 түйіндеме келіп түскен. Сонымен қатар 2021-2022 оқу жылында 900-ге жуық жас маман келеді деп жоспарланып отыр.
«Мектептерге жұмысқа орналасу үшін барлық педагогтар міндетті түрде әңгімелесу арқылы қабылданады. Өйткені білім сапасы өз пәнін жақсы меңгерген білімді мұғалімдерге тікелей байланысты екені белгілі», - деді С.Түлебаева.
ҚҰМ КӨШКІНІН ТОҚТАТУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ - АҒАШ ЕГУ
Бүгінгі таңда Маңғыстау ауданындағы Жыңғылды, Жарма және Сазды ауылдарын құм басу дерегі тіркелген. Осыған орай 2018 жылы «Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағымен» «Маңғыстау ауданының Жарма, Сауысқан және Сазды ауылдарын құм көшкінінен қорғау жұмысы бойынша аймақты зерттеу және шығындарды есептеу» жұмыстары жасалды. Зерттелген ауылдардың айналасында малдың шектен тыс жайылуымен байланысты 100% деградациясы байқалады.
Осыған орай, аталған жобаны 2021 жылы «СПК «Каспийге» және «Өзенмұнайгаз» АҚ-на инвестициялық жоба ретінде ұсынылды.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Құсбековтың мәліметінше үш ауылды құм басудан қорғау үшін 6 жылдық жоба жасақталды. Жоба аясында барлығы 134,02 га жерге 327 152 (сексеуіл – 40%, жүзгін – 30% және томирикс - 30%) өсімдіктер өсіріледі.