Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларын орындау үшін, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 19 желтоқсандағы № 384-VI Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер енгізілді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауына жол бермеу мақсатында, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттарды (салымдарды) ашу және иелену, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізілді. Көзделген шектеу Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылмайтынын айта кету керек.
Бұл шектеу қолданылатын адамдар лауазымға орналасқан күннен бастап алты ай ішінде, ал қызметтегі мемлекеттік қызметшілер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарды, салымдарды жабуға және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды тоқтатуға міндетті.
Аталған шектеулер Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне, өкілдіктеріне және Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген, сондай-ақ көрсетілген ұйымдарға іссапарға жіберілген адамдарға көрсетілген ұйымдардағы жұмыс кезеңіне немесе шетелде білім алатын, немесе шетелде тағылымдамадан өтетін, немесе шетелдік іссапарда жүрген, немесе шетелде емделіп жатқан адамдарға немесе кәмелеттік жасқа толмаған баланың заңды өкілі ретінде не кәмелеттік жасқа толған адамның қорғаншысы немесе қамқоршысы ретінде тиісті адамның шетелде оқуы не емделуі кезеңінде шетелде болатын адамдарға қолданылмайды.
Тиісті мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап (мысалға, шетелдік іссапардан, оқудан қайтарылған күннен бастап) немесе мұра қабылданған күннен бастап алты ай ішінде мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жабуға және шетелдік банктегі қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды тоқтатуға міндетті.
Егер мемлекеттік қызметші шет мемлекеттің құзыретті органдары салған қамаққа алуға байланысты немесе дүлей зілзалалар, әскери іс-қимылдар, төтенше жағдай сияқты мән-жайларға байланысты шотты жаба алмаса, шот тыйым салуды қолдану тоқтатылған немесе өзге де мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап алты ай ішінде жабылуы тиіс.
Мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жабуды қаламаса және мемлекеттік қызметтен кетуге ниет білдірсе, онда ол шотты жабу үшін белгіленген мерзім ішінде өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беруге құқылы.
Тұрмағанбет Төселбай,
Жаңаөзен қалалық қазынашылық басқармасының басшысы