ЖИТС-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі Маңғыстау облыстық орталықтың инфекционист дәрігер Гүлбадан Қадырғалиева АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарда болатын пневмоцистік пневмония жайында әңгімеледі. Оның айтуынша, пневмоцистік пневмония әдетте сау адамдардың өкпесінде анықталады, бірақ бұл тек иммун тапшылығы бар адамдарда ғана қабыну процесін тудырады екен.
Пневмоцистік пневмония (ПЦП) қоздырғышы ашытқы тәріздес саңырауқұлақ пневномия. Пневмоцистік пневмония - оппортунистік, яғни иммунитеттің төмендеуінен болатын инфекция. Оның даму қаупі иммундық жасушалар - CD4 деңгейі қанда 200 мкл-ден төмендеген кезде артады. Пневмоцистік пневмония біртіндеп басталады. Аурудың басында әдетте субфебрильді температура байқалады, содан кейін ол фебрильді сандарға дейін көтеріледі немесе субфебрильді болып қалады. Жөтел, жабысқақ қақырық бірнеше апта, не ай бойы болады немесе бұл тұрақты және ауыр күйде сақталып қалуы мүмкін. Демікпе - барлық науқастарда байқалатын пневмоцистік пневмонияның ең алғашқы симптомы. Ол біртіндеп өседі. Аурудың басында ол физикалық күш жұмсағанда ғана пайда болады, аурудың ортасында тыныс алу жеткіліксіздігі, тыныштық кезінде де байқалады және ауруға төзуі қиындай түседі. Кейбір науқаста шашыраңқы құрғақ сырылдар немесе өкпенің артқы бөліктерінде крепитация болуы мүмкін. Қанды зерттеу кезінде АИТВ инфекциясының кейінгі кезеңдеріне тән өзгерістер, яғни, анемия, лейкоз, лимфа және тромбоцитопения жиі анықталады. Эритроциттердің тұндыру жылдамдығы жоғарылайды және лактатдегидрогеназа деңгейінің жоғарылауы байқалады. Ауыр гипоксемия – аурудың ең айқын белгісі-артериялық қандағы оттегінің парциалды қысымы атмосфералық ауамен тыныс алғанда сынап бағанынан 70 мм дейін түсуі мүмкін, ал капиллярлық қанда оттегінің (SpO2) сатурациясының күрт төмендеуі байқалады. Аурудың басында пациенттердің үштен бірінде өкпенің рентгенологиялық көрінісі қалыпты болуы мүмкін.
Кейінірек өкпе тінінің пневматизациясының базальды төмендеуі, интерстициальды үлгінің күшеюі анықталады. Процестің ортасында өкпеде бірнеше фокустық көлеңкелер пайда болады мұны «мақта» өкпесі деп атайды. Кеуде қуысының компьютерлік томографиясында өкпе тінінің екі жақты интерстициальды зақымдануы, «бұлыңғыр әйнек» түріндегі күңгірт аймақтар анықталады. Пациенттерімізде пневмоцистік пневмонияның алдын алу үшін ко-тримоксазол қолданылады. Бүгінде ЖИТС-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығында 265 пациент есепте тұр. Оның ішінде 261 пациент АРТ (антиретровирусты терапия) қабылдайды. Иммунитеті CD4 200 кл-ден кем есепте 20 пациент тұр. Амбулаторлық деңгейде немесе стационарларда АИТВ инфекциясын диагностикалағанға дейін 5 пациентте ПЦП дамыды және емделу барысында олардың жағдайы жақсарды. Ал иммундық жасушалар деңгейі төмен пациенттерге ПЦП-ға профилактикалық емдеу CD4 деңгейі 200 жасушаға және одан жоғары көтерілгенге дейін жүргізіледі. Сондықтан диспансерлік есепте тұрған барлық пациенттердің вирустық жүктемемен қатар иммундық жасушалар деңгейі үнемі тексеріліп тұрады, - дейді дәрігер Гүлбадан Қадырғалиева.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА