Кеше 30 шағынаудандағы 169-үйдің қаптамасы үшінші рет құлады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл апатты жағдайды қалалық әкімдік одан бұрын да төтенше жағдай деп таныған болатын.
Қала әкімінің орынбасары Серік Гусман тиісті бөлімдерге жобалық сметалық құжаттама жасақтап, бүгіннен бастап тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастауды тапсырды. Аталған жұмыстармен “Оңдасын Строй” ЖШС айналысып, қаржы қала әкімдігінің бюджетінен қарастырылады, - деп жарияланды әкімдіктің ресми парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, 22 мамырдан 23 мамырға қараған түні сағат 3.30 шамасында көпқабатты үйдің қабырғасындағы қаптама опырылып түскен еді. Қабырғадан құлағалы тұрған қаптама 25 мамыр күні кешкі 20.15-те тағы құлады. Ал кеше кешкі уақытта үйдің қаптамасы үшінші мәрте опырылып түсті.