Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына қонақүй салынады деп қоғамдық дау туғаннан кейін турист саны екі айда 2 мыңға жеткен. Ал енді Ақтаудан 300 шақырым қашықта орналасқан ол жерде қоқыс жәшігі мен әжетхананың жоқтығы мәселеге айналып отыр.
Бозжыра келбетін тамашалау үшін Ақтаудан 300 шақырым асфальт жолмен, одан соң қара жолмен Бозжыраның жоғарғы понарамасына 20 шақырым жүру керек. Ал төменгі понарамаға дейін 40 шақырым ойқы-шойқы жолмен жүріп өту керек. Қарағандыдан үш жарым мыңдай шақырымды артқа тастап келген турист бұл орынға жол салудың қажеті жоқ деп есептейді.
Бәрі тамаша. Бір ғана кемшілік – қоқыс тастайтын жер жоқ. Содан соң бұл жерге асфальт жолдың керегі жоқ. Адамдар бұл жерге табиғатты көруге келеді. Асфальт төселсе туристер табиғи қалыпты сезіне алмайды ғой. Бозжыра осы қалпында қалғаны дұрыс деп ойлаймын, - дейді турист Жанқанат Рызықбаев.
Ал Маңғыстау облыстық экологиялық білімді үйлестіру кеңесінің төрағасы Орынбасар Тоғжанов Бозжыра шатқалына барар жолға асфальт төселгені абзал дейді. Сонымен қоса, келушілерді қабылдайтын бір орталық керек дейді ол.
Мұндағы транспорттың жүрісін бәсеңдету керек, туристердің қозғалысын тәртіпке келтіру керек. Өткенде бір келгенде екі азу тіс секілді биіктің баурайына көліктің өрмелеп салған ізі жатты. Сондықтан, бұл жерге келушілерді қабылдайтын бір орталық керек, - Маңғыстау облыстық экологиялық білімді үйлестіру кеңесінің төрағасы Орынбасар Тоғжанов.
Бозжыра шатқалын тамашалауға келетін туристер азу тіс секілді биіктің маңына түнейді дейді инспекторлар. Ал бұл жерде әжетхананың жоқтығы мен қоқыс жәшігінің болмауы да үлкен мәселе болып отыр.
Қазір Бозжыраға саяхаттап келетін әр адам 291 теңге төлейді. Ол Қарақия аудандық кірістер басқармасының шотына түседі. Бозжыра шатқалына кірер жолға шлагбаумдар мен қоқыс жәшіктерін қоюын сұрап Қарақия аудандық кірістер басқармасы мен Қарақия аудандық мәслихатына хат жазып жатырмыз. Ал әжетхана мәселесіне келер болсақ, бұл жер ерекше қорғалатын табиғи аумақ болғандықтан жерді қазуға болмайды. Алдағы уақытта эко, био дәретханалар қойылғаны дұрыс, - Жабайұшқан табиғи қаумалының аға инспекторы Наурыз Әнесов.
Жабайұшқан қаумалына енетін Бозжыра шатқалынан 4 шақырым жерден салынады деген қонақүйдің жобасы әзірге мақұлданбаған. Өйткені, ұсынған жоба экологиялық талапқа сай емес дейді экологтар.
Айта кетейік, Бозжыраның көз тартар керемет көрінісін көру үшін шетел асып келіп жатқан туристер бар. Ал ол аумақ 35 миллион жыл бұрын Тетис Мұхитының түбі болған.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын